Қазақстанда жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер бизнес арасындағы байланысқа әсер ете бастады. Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлік сектордағы тұрақтылық туралы айтқанымен, сарапшылар ірі компаниялар мен шағын бизнес арасындағы іскерлік байланыстардың үзіліп жатқанын тіркеуде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
2026 жылдың басынан бастап елімізде арнаулы салық режимдерінің саны жетіден үшке дейін қысқарды. Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) бұны оңтайландыру деп атап, жеке кәсіпкерлердің жаппай жабылуы байқалмайтынын алға тартуда. Алайда кәсіби қоғамдастық өкілдері жүйелі мәселелердің барын айтып дабыл қағуда.
Басты кедергі не?
Негізгі мәселе – жалпыға бірдей белгіленген режимде (ЖБР) жұмыс істейтін компаниялар мен «оңайтылған» декларациядағы кәсіпкерлер арасындағы жаңа ережелерде болып отыр. Жаңартылған Салық кодексіне сәйкес, ЖБР-дағы компаниялар бұдан былай «оңайтылған» режимдегі ЖК-дан сатып алынған тауарлар мен қызметтер үшін жұмсалған шығындарды корпоративтік табыс салығын (КТС) есептегенде шегерімге жатқыза алмайды.
Салық сарапшысы Айдар Масатбаевтың айтуынша, бұл ірі компаниялар үшін шағын бизнеспен серіктес болуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді:
«Көптеген іскерлік байланыстар үзілді. Қазір кәсіпкерлер тығырықтан шығу жолын іздеп жатыр: не нарықты басқа ірі ойыншылар иеленеді, не ЖБР мен оңайтылған режим арасында әмбебап делдалдар пайда болады», – дейді маман.
Нарықтағы басқа да өзгерістер
Бизнеске қосымша салмақ түсіріп отырған тағы бір жайт – қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер шеңберінің кеңеюі және салық мөлшерлемесінің өсуі. Мамандардың пікірінше, нарық бұл өзгерістерге бағаны көтеру арқылы жауап беріп үлгерді.
Сонымен қатар мобильді аударымдарды бақылау құралы да іске қосылмақ. Банктерден үш ай бойы айына 100-ден астам аударым алған тұлғалар туралы алғашқы деректер салық органдарына 15 сәуірге дейін жетеді.
Жаңа нормалардың тиімділігі мен олардың шағын және орта бизнеске (ШОБ) нақты әсері бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша белгілі болады. Ол кезде салық түсімдері мен жұмыс істеп тұрған ШОБ нысандарының саны туралы ресми мәліметтер жарияланбақ.





