Аталған дақылдардың экономикалық тиімділігі жоғары. Өнімнен алынған өсімдік майы тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады, ал сығынды қалдықтары мал шаруашылығы үшін құнарлы азыққа айналады.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, биыл Сарқан ауданында майлы дақылдар 29 453,5 гектар жерге егілген. Бүгінге дейін 17 836 гектар алқаптың өнімі жиналып, орташа өнімділік гектарына 16,2 центнерді, түсім 28952 тоннаны құрады. Оның ішінде 86 гектарға себілген зығырдан 60 тонна өнім алынған. Бұл дақылдың орташа өнімділігі гектарына 7 центнерден айналып отыр. Сондай-ақ, 15202 гектарға егілген сояның 10500 гектары орылып, гектарынан 20 центнерден өнім жиналып, түсім 21 мың тоннаға жетті. Ал 14015 гектарға себілген күнбағыстың 7100 гектарынан өнім алынып, орташа көрсеткіш гектарына 11 центнерге жеткен. Нәтижесінде 7 810 тонна күнбағыс жиналды.
Сарқан қаласының тұрғыны, «Мұхаметбек Сахара» шаруа қожалығының жетекшісі Ұлан Рахымбай да осы бағытта еңбектеніп жүрген жас кәсіпкердің бірі. Биыл ол 60 гектар жерге соя, 30 гектарға жүгері сепкен. Қожалықтағы сояның өнімділігі гектарына 2,7 центнерден айналып отыр. Ұланның айтуынша, алдағы уақытта жүгері де жақсы өнім береді деп күтілуде.
Екі жыл бұрын құрылған шаруашылықтың әзірге бір тракторы мен дайын өнім сақтайтын қоймасы бар. Дегенмен, ол ауыл шаруашылығын дамытып, жаңа техника мен заманауи технологияларды енгізу арқылы гектар өнімділігін арттыруды мақсат етіп отыр.
Жалпы алғанда, майлы дақылдар өндірісі – табыстылығы жоғары, болашағы зор әрі шаруаларға икемді аграрлық бағыт болып қала бермек.
Жақсылық ИГІМАН




