Талдықорған қаласының Шығыс өнеркәсіптік аймағында майлы дақылдарды терең өңдеуге арналған зауыттың құрылысы қызу жүріп жатыр. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 5 миллиард теңге,–деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жалпы 7,5 гектар аумақты алып жатқан өндірісті «Талдыкорганвнештранс» ЖШС өз мойынына алған. Серіктестік директоры Казис Джаирбаев зауыттың бірінші кезеңін биыл мамырда іске қосу жоспарланғанын айтты.
Жоба екі кезең бойынша жұмыс істейді. Біріншісінде тәулігіне 150 тонна соя өңделсе, екіншісінде тәулігіне 300 тонна соя және 600 тонна күнбағыс өңдейтін желі іске қосылады.
Қала әкімдігінің берген ақпаратында «Зауыт жоғары ақуызды шрот пен өсімдік майын өндіретін заманауи мультидақылды май экстракциялық кешен болмақ. Сондай-ақ жоба аясында астық пен майлы дақылдарды қабылдау, тазалау, кептіру және сақтау инфрақұрылымы қарастырылған. Қазіргі таңда экстракциялық және қазандық жабдықтарын орнатуға арналған металл конструкциялар монтаждалуда»,- деп көрсетілген.
Шикізат Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қостанай және Павлодар облыстарындағы 200-ден астам шаруа қожалықтары мен серіктестіктерден жеткізіледі. Дайын өнімдер Қазақстан нарығымен қатар Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай Халық Республикасына экспортталмақ.





