Жетісу өңірлік палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңес отырысы Текелі қаласында өтті.
Онда қаладағы сапасыз ауызсу мәселесі көтерілді. Бұл біраз жылдан бері өзекті. Себебі, су құбыры желілерінің 85 пайызы тозған. Сумен жабдықтау тау өзендерінен қамтамасыз етілгендіктен ауа райының қолайсыз кезінде, сондай-ақ, көктем-күз мезгілінде су лайланады. Осыған байланысты кеңесте сапасыз судың себеп-салдары түсіндірілді. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Баниямин Файзулин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы аймаққа сапары барысында жергілікті атқарушы органдарға кемшілікті тезірек жою жөнінде берген тапсырмасына назар аударды.
– Бүгінге бұл мәселе әлі ше-шілмеді және оны кешіктіру белгілі бір қиындыққа ұрындырады. Қала тұрғындарының да наразылығын туындатуда, – деді Баниямин Файзулин.
Сондай-ақ, ол бизнестегі мәселелерге тоқталып, Текелі қаласындағы уыт зауытын мысалға келтірді. Кәсіпорын уыт өндіреді және сатады. Ал дәнді дақылдар өндіруде ластанған суды қолдануға жол берілмеуі тиіс. Осыған байланысты кәсіпкер ауызсуды өндірісте пайдалану үшін оны сатып алуға көп қаражат жұмсауға мәжбүр.
– Мәселе кеше немесе бүгін пайда болған жоқ. Бұл он жылдан аса уақыт созылып келеді. Біз қалалық әкімдік тарапынан ғана емес, сондай-ақ, облыс мекемелері тарапынан да кемшіліктерді көріп отырмыз. Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырма бергеннен кейін елді мекендегі су құбырының техникалық ақауын жою бойынша шаралар қабылданады. Нәтижесінде Текелі бизнес өкілдері таза суды пайдалануға мүмкіндік алады, – деді Баниямин Файзулин.
Осы мәселеде жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігіне байланысты Текелі қаласы прокурорының орынбасары Арман Қайыров түсініктеме берді. Ол Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында ауызсу мәселесін шешуге бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады. Жұмыстың бір бөлігі аяқталды. Тапсырма осы мамыр айының соңына дейін орындалуы тиіс еді. Бірақ, объективті себептер бойынша орындаушы өзіне жүктелген міндетті мерзімінде атқара алмауда.
Қазіргі уақытта өкілеттіктерді басқа мекемеге беру бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Сумен қамтамасыз ету жүйесін қалыпқа келтіру бойынша жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қала әкімдігіне нысанды қабылдау жөніндегі жұмыс тобының құрамына кеңес мүшелерін қосу ұсынылды.
Кеңесте, сондай-ақ, Текелі қаласын дамыту тұжырымдамасы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ірі жобаларын іске асыру, инфрақұрылымды дамыту секілді мәселелер де қаралды. Бұған қоса, жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы, қаланың туристерді қабылдауға дайындығы назарға алынды. Кәсіпкерлердің барлық сұрағына жауап қайтарылып, түсініктеме берілді.
Айгүл Байжұмақызы
Текелі қаласы





