Тап қазір Жетісу өңірінде балтыр сыздатпаса да көп шаруаның басын ауыртқан бір жай бар. Атауы – тәтті түбір. Жер-Ана төсін емген диқандар бітік шыққан қант қызылшасының қарашада шымбайға қатты батарын білмеді де.
«Ауыз күйген үріп ішеді», былтыр жүгеріден күйген дала еңбеккерлері Мемлекет басшысының жіті бақылауындағы «тәтті түбірдің орталығы» атануы тиіс өңірде мұндай ши шығарын бажайламады. Бастысы, сенді. Қолдау боларына үміт артты. Негізі бажайлауы тиіс еді құзырлы құрылымдар. Жоспар жасап, соған сай елдің ырыс-несібесін жиғандарға бар жағдайды жасауы керек-тін. Алайда, тонна-тонна қызылша тиеген көліктер сап түзеп Көксу және Ақсу қант зауытының алдында тұр. «Көппен көрген ұлы той» дегенмен, қазір жиғанды бүлдіріп алмау, пайдаға жарамсыз етпеу қызылша еккен әрбір жетісулықтың мұңы болып тұр.
Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің бір бөлшегі болған соң шаруалардың базынасынан Көксудағы өндіріс орнына ат басын бұрдық. Зауыттан шақырымнан асатын кезектегі жүк көліктерді көз көрді. Бәрінде бір үміт – арқалай келгенін жылдам зауытқа өткізу. Өндіріс ошағының қақпасынан енгенде құлаққа шопырлар үні жетті: «Журналистер келді, енді кезек жылжиды. Ұрымтал сәтте ұрып қалсақ». Екіншісі: «Олар кеткен соң ескі әнді қайта тыңдаймыз». Естіген құлақта жазық жоқ.
Зауыт ішіне кіргеннен тау-тау тәтті түбірге кезіктік. Диқандар жөнелткен «ырызғы-несібені» жинақтайтын орын қалмаған. Бір көлік қызылша өндіріс агрегатына құйылса, қақпадан келесісі ішке еніп жатыр. Шаршы метр бос жатпауы керек екенін алға тартып отыр мұндағылар. Іштегі шөмеледей үйілген өнімді көріп, сырттағы көліктің кезегі соншалықты ұзын сонарға айналғанына көз енді жетті. Зауыт басшысы Алтынбек Абатов диқандардың әрбір төккен терімен өскен тәтті түбір далада қалмасына, не ысырап болмасына қарекет етіп жатқанын жеткізді. Айтуынша, күніге зауыт шаруалардың 1500-2000 тонна дақылын қабылдауда.
Қуаттылығы жылына 200 мың тонна болатын зауыттың басшысы биыл 250 мың тонна өнім қабылдауға шешім қабылданғанын жеткізді. Оған себеп – дақылдың молдығы. Қазірдің өзінде өндіріс орны 200 мың тонна қант өндіріп отыр. Осынша өнім тек Қазақстанның аумағына таралады. Шетелге шығарылмайды.
Қазір зауытта 460 адам еңбек етуде. Жұмыстың алғашқы сатысы қабылдау пунктінен басталады. Бұл жерде ескі және жаңа техникалар баршылық. Біздің көзге сонадайдан ыстық көрінген – шынжыр табанды «Қазақстан» тракторына жалғанған заманауи қызылша қабылдайтын қондырғы. Павлодар қаласындағы зауытта 1968-86 жылдары ғана шығарылған осы трактордың әлі күнге кәдеге жарап тұрғаны бір қуантса, сандық технология дамыған дәуірде ескіні пайдалану бір күйіндірді. Айтпақшы, зауыт басшысы Алтынбек Абатов 2025 жылы өндіріс орнының қайта жаңғырудан өтетінін жеткізді. Сонда 2026 жылдан бастап зауыт қуаттылығы жылына 500 тоннаға жетпек. Сол уақытта көненің көзі «Қазақстан» тракторы мұражайдан орын табар, бәлки. Сол қондырғыға тіркемесімен «Камаз» көлігі дақыл түсірмек болған. Бақсақ, бірнеше күн жаңбыр мен қарда тұрған өнім мұзбен бір-біріне жабысып, оңай түспесін аңғартты. Шопыр тиелген қызылшаны сүйменмен соққылап, көлік тіркемесінен әрең түсірді. Бұл да қазіргі тәтті түбір төңірегіндегі мәселенің жайын суреттейді.
Зауыттың негізгі миссиясы – қант өндіру. Оның сапалы не сапасыз болуы дақылға байланысты. Ал сол дақылдың құрамы зауыт зертханасында зерделенеді. Аға зертханашы Алесия Маурер ұнтақтаушы құрылғыдан шыққан қызылшаның бөлшегінен сироп алып, оның құрамын зерттейді. Сиропты түрлі қоспада сынамалайды. Биылғы өнімнің құнары жоғары екенін аға зертханашы алға тартты. 1987 жылдан бастап зауыттың ыстық-суығына төзген Ләйлә Дәулетова басқаратын қондырғы тәтті түбірден алынған сиропты қантқа айналдырады. Айтуынша, сапалы өнімге сапалы дақыл сеп.
Зауыт аумағына дақыл болып келіп, қант болып шығатын соңғы нүкте – өлшеу, қаптау және жинақтау бөлімі. 40 жылдан бері табан ауыстырмай еңбек етіп келе жатқан Айжан Әкімтаева жүргізетін қондырғы күніге 25 келілік 800-900 қапты қантқа толтырады. Ал мұндай қондырғының төртеуі үздіксіз жұмыс жүргізуде.
Байқағанымыз, зауыт құрылғыларының дені ескірген. Дейтұрғанмен, әлі де кәдеге жарауда. Жамап-жасқап жұмыс істеп тұрған зауыттың ахуалы мен жағдайын бажайлаған жергілікті атқарушы билік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды жаңа зауыт ашудан бастаса деген ой ми қатпарында қылаң берді. Биыл диқандар 13,7 мың гектарға дән сепсе, келер жылы тәтті түбір жинайтын алқап көлемі артады. Жоспар сондай.
Айтпақшы, биылғы қант қызылшасының кептелісіне өңірдегі өндіріс орындарының Жамбыл облысынан өнім қабылдауы әсер еткен. Жақыныңа көмек қолын созған жақсы. Бірақ, «Алдымен өзіңді жарылқа» дегендей өз жоғымызды түгендеу қажет-ақ еді. Өз өніміміз сыймай жатқанда, өзгеден қабылдауға түрткі болған жай да ескеріліп, атқарушы билік мәселенің қайдан және қалай шыққанын таразылап, зерделеуі тиіс.
Дәл осы қарбалас келер жылы қайталанбас үшін осыған жауапты сала мамандары ерте көктемнен қамданса, күзгі науқанда елең-алаң күйге түспесі анық.
Дастанбек САДЫҚ





