Талдықорған қаласындағы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде маңызды брифинг өтті. Онда Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Ринат Кумашев Жетісу облысындағы балық шаруашылығының қазіргі жай-күйі туралы кеңінен баяндады. Жиын тек есеп беру емес, аймақ экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін маңызды қадам екеніне назар аударғымыз келеді.
Бүгінде балық шаруашылығы жай ғана кәсіп емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен дұрыс тамақтану мәдениетінің негізі. Ринат Маратұлы атап өткендей, 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Балқаш және Алакөл көлдеріне 497 469 дана сазан шабақтары жіберілген. Бұл жұмысқа балық шаруашылығы субъектілері де белсенді қатысып, өз міндеттемелері аясында тағы 393 756 дана бағалы балық шабақтарын табиғи ортаға жіберді.
«Су айдындарына барлығы 891 228 дана балық шабағы жіберілді. 2025 жылы облыста 2 275 тонна балық аулау лимиті белгіленіп, жыл соңына қарай оның 814 тоннасы ауланды», – деп атап өтті инспекция басшысы.
Қазіргі уақытта Жетісуда балықты тек аулау ғана емес, оны қолдан өсіру (аквашаруашылық) бағыты қарқын алып келеді. Облыста 24 балық өсіру шаруашылығы жұмыс істеп, 2025 жылы 707 тонна тауарлы балық өсірді. Бұл көрсеткішті алдағы уақытта арттыру көзделген.
Инвестициялық жобаларға келер болсақ, өткен жылы қуаттылығы 155 тонналық жоба іске қосылса, биыл «Alive Fish Жетісу» жобасы қолға алынбақ. Оның құны 815 млн теңгені құрайды және қуаттылығы 1000 тоннаға дейін жетеді.
«Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да ауқымды. Ағымдағы жылы акваөсіру өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға 40 млн теңге көлемінде субсидия бөлінді», – деді Ринат Кумашев.
Брифингтің ең маңызды бөлімі Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған «Аквашаруашылық туралы» Заңына арналды. Бұл құжат саланың құқықтық негізін нығайтып, жаңа өндірістерді құру және қолданыстағыларын кеңейту арқылы саланы орнықты дамыту, бәсекеге қабілетті балық түрлерін өсіру көлемін ұлғайту, өнімнің адам денсаулығы мен қоршаған орта үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттарын көздейді.
Бұл заң балық өсірушілерге мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалануға және өз бизнесін халықаралық стандарттарға сай жүргізуге жол ашады.
Саланы дамыту барысында балық ресурстарын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмады. 2025 жылы 91 заң бұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 1,3 тонна балық тәркіленді. Сондай-ақ, «Таза су айдындары» акциясы мен Қаратал күріш алқаптарында шабақтарды құтқару шаралары тұрақты жүргізіліп келеді.
«Мемлекеттік қолдау шаралары облыстық әкімдік арқылы жүзеге асады. Мысалы, сіз өсірген балығыңыздың жем-шөбіне 30 пайыз, шабақ сатып алу шығынына 50 пайыз, дәрі-дәрмегіне 50 пайыз, биологиялық негіздемесін әзірлеуге 50 пайыз субсидия беріледі. Сонымен қатар инвестициялық өтеу деген бар. Яғни, жаңадан балық шаруашылығын құрсаңыз шығыныңыздың 25 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. Балық шарушылығын бастағысы келетін жандар Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына жүгінсе болады. Ол жерде кәсіпті қалай бастау керек, оның алгоритімі, қай жерде рұқсат етілетіні толықтай түсіндіріледі», – деді Ринат Маратұлы.
Инспекцияның алдағы жоспарлары да ауқымды. 2026 жылы 8 республикалық және 18 жергілікті маңызы бар су айдындарын конкурстық негізде пайдаланушыларға беру, балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға арналған бағдарламасының индикаторларына қол жеткізу, құқық қорғау органдарымен бірлесіп «Уылдырық шашу» және «Браконьер» жедел-алдын алу шараларын жаңа деңгейде ұйымдастыру, субъектілердің дамыту жоспарына сәйкес, күзгі мерзімде су айдындарын балықтандыру жұмыстарын жалғастыру сынды іс-шараларға басымдық беріледі.
Қорыта айтқанда, Жетісу облысында балық шаруашылығы тек табиғат ресурсын пайдалану емес, жоғары технологиялық және экономикалық тиімді салаға айналып келеді. Ринат Кумашевтың айтуынша, мемлекет, бизнес және инспекцияның бірлескен жұмысы аймақтың балық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Егер біз бүгін су айдындарын қорғап, шабақтарды аялап өсірсек, ертеңгі ұрпақ сапалы өнім мен қуатты экономиканың жемісін көретін болады.
Мәулен Әнербай





