Мал шаруашылығы – қазақ халқының дәстүрлі тіршілігінің негізі әрі ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Бүгінде ауыл шаруашылығы жалпы ішкі өнімнің елеулі бөлігін құрап, халықты жұмыспен қамтуда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. Сондықтан мал шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану – уақыт талабы.
Даламыз мал өсіруге қолайлы, төрт түліктің барлық түрін дамытуға мүмкіндік мол. Осы мүмкіндіктерді толық деңгейде пайдалану тиімді. Мал шаруашылығын дамыту үшін заманауи технологияларды енгізу аса маңызды. Жем-шөп дайындау, ветеринарлық қызмет көрсету, тұқымын асылдандыру, цифрлық бақылау жүйелерін пайдалану – өнім сапасы мен көлемін арттырудың негізгі жолдары. Бұл өз кезегінде ет, сүт, басқа да өнімдердің ішкі нарықтағы үлесін көбейтіп, экспорттық әлеуетін күшейтеді.
Фермерлерді қолдау мәселесі де өзекті. Мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдетілген несие мен субсидиялар ауылдағы кәсіпкерге үлкен серпін береді. Өнімді тек өндірумен шектелмей, оны өңдеу мен брендке айналдыру да маңызды. Сапалы ет, сүт өнімдерін, жүн мен тері өңдеу кәсіпорындарын дамытудан үлкен пайда табуға болады. Бұл ауыл экономикасын нығайтып қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін арттырады.
Сондықтан, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, ғылым мен технологияны енгізу, фермерлерді қолдау және өнімді өңдеу жүйесін өрістету арқылы оның әлеуетін толық іске асыруға негіз бар. Бұл елдің экономикалық өсіміне, азық-түлік қауіпсіздігіне және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер етеді. Осыған назар аударған Мемлекет Басшысы былтыр Астанада өткен Форумда мал шаруашылығының әлеуетін толық көлемде пайдалану қажеттілігіне баса назар аударды.
Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрлігімен 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығы саласын тұрақты дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру мақсатында аймақта 2030 жылға дейін ірі қара санын 505 мыңнан 751 мыңға, ұсақ малды 1,6 млн-нан 2,1 млн басқа дейін өсіру көзделіп отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаевтың айтуынша, бүгінгі күнде облыста мал шаруашылығымен 3 мыңнан аса шаруашылық айналысады, оның 958-і асыл тұқымды мал ұстайды. Жаңа несиелік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып, асыл тұқымды мал санын ұлғайтуға әрі өнімділігін арттыруға толық мүмкіндік бар. Айта кетейік, өткен жылғы қорытынды бойынша мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,9%-ға өсіп, 198,3 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде ет өндірісі – 4,6%, сүт өндірісі – 4,4%, жұмыртқа өндірісі 0,6%-ға жоғарылаған.
Нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында бірнеше бағытта саланы қаржылық қолдау шаралары іске қосылуда. Атап айтқанда, өткен жылы мал шаруашылығын субсидиялау қағидасына өзгерістер енгізіліп, 8 жаңа бағыт қосылып, бірнеше бағыт нормативтері 70-80 %-ға дейін көтерілген.
Аграрлық несие корпорациясы арқылы ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрінің асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% жеңілдікпен, 10 жылға дейін несие беру бағдарламасы іске қосылуда. Бұл шараны жүзеге асыру табынның жаңаруын жеделдетуге және мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін жылдық мөлшерлеме 6%-бен бірыңғай жеңілдікті несие беру көзделіп отыр. Бұған қосымша мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлеме 5%-бен жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылған. Сондай-ақ, мал шаруашылығы бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық мөлшерлеме 5%-бен жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылған.
Қаржыландыруды қолжетімді ету үшін «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігін қолдану көзделген. Бұл бағытта облыста бордақылау аландарының жүктемесін арттыру мақсатында 3 бордақылау алаңы жалпы 1 млрд. 309 млн. теңге несие алған. Сонымен бірге, «Ірі жобалар» бағдарламасы аясында мал шаруашылығы бағытында бөлінген қаражатқа 2 инвестициялық жоба қаржыландырылып, іске асырылуда.
Бұған қоса, бағдарлама шеңберінде тағы 2 жобаны қаржыландыру жоспарда бар. Өткен жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 153 жоба қаржыландырылып, 6,5 мың бас сатып алынған. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 5,0 млрд. теңге қарастырылған. Бөлінген қаражат шегінде 271 несие беру көзделіп отыр.
Қорыта айтқанда, мал шаруашылығы – ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды тірегі. Оның әлеуетін толық пайдалану үшін заманауи технологияларды енгізу, фермерлерді қолдау және өнімді өңдеу жүйесі дамытылса, бұл сала ауылдың өркендеуіне серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттырып, ұлттық экономиканың тұрақты өсуіне үлес қоса алады.
Айгүл Байбосынова





