Алакөл ауданында игерілмей жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару ісі нақты нәтижесін беріп отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сәйкес биыл мемлекет меншігіне 6 мың гектар жерді қайтару жоспарланған болатын. Алайда бүгінгі күнге дейін 7 940 гектар жер мемлекетке қайтарылған. Оның ішінде 7 920 гектары жайылымдық, ал 20 гектары суармалы егістік жер.
Бұл – пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарын анықтап, оларды қайтадан экономикалық айналымға енгізудің маңызды нәтижесі. Өйткені бос жатқан жер ел игілігіне қызмет етпейді, ал айналымға енгізілген әр гектар ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосады.
Мұнымен қатар, аудан көлемінде жерді ашық әрі тиімді бөлу тетіктері де жүзеге асырылып келеді. Биыл 10 мың гектар жерді конкурс арқылы беру жоспарланған. Осы жоспар аясында 16 ақпанда алғашқы конкурс өткізіліп, Жарсуат, Еңбекші және Қызылащы ауылдық округтерінде орналасқан 6640 гектар жайылымдық жер тоғыз лот бойынша ұсынылды.
Қазір Ынталы ауылдық округінде жалпы көлемі 3 646 гектар жерді конкурсқа дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл конкурс мамыр айында өтеді деп жоспарланған. Жауапты мамандардың айтуынша, жартыжылдық қорытындысында жоспар толық орындалмақ.
Жер қатынастары саласында аукцион тәсілі де өз тиімділігін көрсетіп келеді. Биыл 4 гектар жердің пайдалану құқығын аукцион арқылы өткізу жоспарланған. Оның ішінде 15 қаңтарда өткен аукционда көлемі 2,6 гектар жер телімінің пайдалану құқығы сатылған. Қалған 1,4 гектар жер телімін жыл соңына дейін аукцион арқылы өткізу көзделіп отыр.
Алайда жер мәселесінің ең өзекті тұстарының бірі – халықтың жайылымға деген қажеттілігі. Бүгінде Алакөл ауданындағы тұрғындардың жайылым жерлеріне деген сұранысы 31,8 мың гектарды құрайды. Бұл – ауылдағы ағайын үшін өте маңызды мәселе. Өйткені жайылым – төрт түлікті көбейтіп, шаруашылықты дамытуға қажетті басты ресурс.
Осы қажеттілікті кезең-кезеңімен шешу мақсатында биыл нақты шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, жылдың алғашқы тоқсанында 10 мың гектар, ал екінші тоқсанда қосымша 10,8 мың гектар қоғамдық жайылым жер айналымға енгізіледі.
Аудан аумағында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтау бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Жалпы көлемі 57 443 гектардан асатын жерді қамтитын 37 жер пайдаланушы бойынша талдау жасалып, нәтижесінде бірқатар заң талаптарына сәйкес келмейтін жағдайлар анықталған.
Атап айтқанда, 13 жер пайдаланушының 28,6 мың гектар жайылымдық жерінде ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелмеген. Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдарға ресми хат жолданған. Сонымен қатар, 5 жер пайдаланушының 8,7 мың гектар жерінде ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелгені анықталған. Ал 9 жер пайдаланушының 16,1 мың гектар жері жер кадастрында тіркелмеген. Бұдан бөлек 3 азаматтың 3,7 мың гектар жері мүлде рәсімделмеген. Қайталанатын деректерді есепке алмағанда нақты 30 жер пайдаланушы анықталған.
Алакөл ауданында болашақтағы ірі инфрақұрылымдық жобалар да назардан тыс қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен облыстық жер қатынастары басқармасының хаттарына сәйкес Тентек өзенінің бойында су электр стансысын салу жобасы қарастырылуда. Осыған байланысты аудан әкімдігінің қаулысы негізінде жалпы көлемі 834,72 гектар жер учаскесі 10 жыл мерзімге резервке қойылды.
Игерілмеген жерді мемлекет меншігіне қайтарудың маңызы зор. Біріншіден, жердің бос жатуына тосқауыл қойылады. Екіншіден, ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін береді. Үшіншіден, жерді конкурс пен аукцион арқылы бөлу ашықтықты қамтамасыз етеді. Ең бастысы – халықтың жайылымға деген сұранысын шешуге мүмкіндік туады.
Алакөл ауданында қолға алынған бұл жұмыстар жерге деген жанашырлықтың, мемлекет мүддесіне деген жауапкершіліктің нақты көрінісі. Себебі, жер тағдырына бейжай қарау – ел болашағына салғырт қараумен тең. Ал оны ел игілігіне жарату – берекелі бастама, баянды болашаққа бастар жол.
Қажет АНДАС





