Ерболат Досаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры директорлар кеңесінің құрамынан шығарылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қор мәліметінше, Үкімет қаулысына сәйкес енді «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің құрамына Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымы бойынша кіреді.
– Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 25 наурыздағы жарлығына сәйкес Ерболат Асқарбекұлы Досаев Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатылды және тиісінше оның «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды, – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, Ерболат Досаев Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне 2025 жылғы 19 қыркүйекте тағайындалған болатын.
Ерболат Досаев 1970 жылы 21 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектеп-интернатын тәмамдаған. Алматы энергетика институтында және Мәскеудегі Бауман атындағы мемлекеттік техникалық университетте білім алған.
Еңбек жолын қаржы секторында бастаған. 1997 жылы «Тұран Әлем Банкі» басқарма төрағасының орынбасары, кейін «АТФ Банк» басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.
1998 жылы Қазақстан Республикасы премьер-министрінің кеңесшісі болып тағайындалып, сол жылы энергетика, индустрия және сауда вице-министрі қызметіне кірісті. 2000 жылы қаржы вице-министрі болды.
2001-2003 жылдары Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігін басқарды. 2003–2004 жылдары Қазақстан Республикасының қаржы министрі қызметін атқарды.
2004-2006 жылдары денсаулық сақтау министрі болды. 2006–2012 жылдары «Қазинвестбанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
2012 жылы экономикалық даму және сауда министрі болып тағайындалды. 2013 жылдан бастап экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, ал 2014 жылы ұлттық экономика министрі қызметтерін атқарды.
2016-2017 жылдары «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы болды. 2017-2019 жылдары премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды.
2019 жылғы 25 ақпаннан 2022 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің төрағасы болды.
2022 жылғы 31 қаңтарда Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. 2025 жылғы қыркүйекте Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне кірісті.





