Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Mecenat.kz әдеби сыйлығының 5 маусым жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті. Қазақ әдебиетінің жаңа тынысын айқындаған рухани кеште жазушы Есболат Айдабосын «Бүкір» романы үшін бас жүлдені иеленді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Mecenat.kz – үздік романға табысталатын жыл сайынғы әдеби сыйлық. Жоба ұлттық көркем әдебиетті қолдауға, қаламгерлерге серпін беруге, оқырман қызығушылығын арттыруға бағытталған тәуелсіз бастама ретінде танылып келеді. Байқау жеңімпазы дәстүр бойынша ашық дауыс беру нәтижесінде анықталды.
Биыл әдеби жобаға 33 шығарма ұсынылған. Соның ішінен оқырман ықыласына ие болған «Бүкір» романы терең мазмұнымен дараланды. Шығармада жылқы тағдыры арқылы адам жанының қасіреті, ар-намыс, әлеуметтік теңсіздік пен рухани ізденіс мәселелері көркем өрілген.
Салтанатты рәсім барысында жеңімпазға Freedom Life компаниясы тарапынан арнайы сый табысталды. Атап айтқанда, жазушыға өмір бойы ай сайын 500 АҚШ доллары көлемінде төленетін ерікті аннуитеттік сақтандыру полисі берілді.
Әдеби кешке ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли, сыйлық меценаты, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов, жоба негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков, қаламгерлер мен оқырмандар қатысты.
Кеш аясында Mecenat.kz жобасының 5 және 6 маусымындағы жаңашыл бастамалар таныстырылып, әдеби сыйлықтың қалыптасу жолына арналған деректі фильм көрсетілді.





