Нашақорлықтың жолын кесуге бағыт- талған кешенді қадамдар қолға алынғанымен есірткіге есі кеткендердің саны азаяр емес. Осыған байланысты облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымын тоқтатуға бағытталған жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Жедел шара барысында Еркін ауылында есірткіні заңсыз сақтау және сату күдігіне ілінген Талдықорған қаласының 62 жастағы тұрғыны ұсталды. Тергеу әрекеттері шеңберінде полицейлер күдіктіден жалпы салмағы 5 грамнан асатын гашиш есірткі затын тәркіледі. Тінту кезінде оның тұрғылықты мекенжайынан жасыл түсті, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған алты полиэтилен пакет тапты. Сонымен қатар, үй ауласындағы сарайдан скотчпен оралған үлкен қара пакет табылды. Оның ішінде жалпы салмағы 5 келіден асатын гашиш анықталды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, барлық мән-жай анықталуда. Күдіктіге қатысты сот шешімімен денсаулық жағдайына байланысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
– Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес – полиция жұмысының басым бағыттарының бірі. Есірткі сақтау мен таратудың кез келген дерегі қатаң түрде тоқтатылып, кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылады, – дейді полиция қызметкерлері.
ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдау, жөнелткені немесе өткізгені үшін күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.
Биыл ақпан айында есірткі таратқаны үшін 3 адам құрықталса, наурыз айында ұсталған 2 әйелден 6 келі есірткі табылған. Ал жедел іздестіру шарасы кезінде анықталған қылмыстық топтан 28 келі наша тәркіленді. Сонымен қатар, есірткіні тарататын және жарнамалайтын 577 сайт, 183 банк шоты бұғатталыпты.
Өкінішке қарай, есірткі саудалаушылардың жолын құқық қорғау органдары кесудей-ақ кесіп келе жатқанымен тәркіленген есірткі көлемі азаймай тұр. Психологтардың айтуынша, есірткі заттарынан жастарды жирендіру үшін ата-ана баласының өміріне назар аударып, отбасы мүшелері темекі шегу, ішімдікті тұтынудан аулақ болуы керек. Сондықтан саналы ұрпақ өсіріп, жағымсыз әдеттен аулақ болсын десеңіз, ата-ана саламатты өмір салтын қалыптастыруды өзінен бастауы тиіс.
Айдар ҚАЛИЕВ





