«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді дана қазақ. Бұл тәмсілдің төркін мәні көпшілікпен бірге бол, бірге жүр дегенмен шектелмейді. Тізгін тартып, атқамінер атанған соң көптің көкейіндегісіне болыс, «мәселесін шеш, жағдайын жаса» дегенмен астасып жатыр. Бұл түйсінгенге халықтың даналығы емес, баба жұрттың кейін ел басқарғандарға аманаты һәм тапсырмасы. Кей әкім мұны ұлағатты сөз деп ұғып жүргендей ме, қалай өзі?!
Редакциямызға Көксу ауданы, Алғабас ауылдық округіне қарасты Қызылтоған ауылынан хат түсті. Байыбын таразыласақ, ауылда интернет жоқ. Мүлде жоқ емес, түске дейін елді мекен тұрғындары ғаламтордың «ғаламатын» пайдаланып үлгереді де түстен кейін «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» күй кешеді. Біле білсек, Мемлекет басшысының жарлығымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Ел Президентінің биылғы Жолдауының өзі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деген тақырыппен халыққа бағытталды. Осындай реформалық бастамалармен, жай дүние емес, Мемлекет басшысы нығырлап бекіткен ресми құжаттардан соң 2026 жыл ақылды технологиялар дәуіріне қадам басатын, инновациялардың қоғам мен бизнестің барлық саласына енгізілуін жеделдететін стратегиялық жыл болады деп сендік. Халық үміттенді. Алайда…
Көптің көкейіндегісін көзбен көрмекке Қызылтоған ауылына бардық. Түстен кейін жол түскені бар. Көксегеніміз, Алматы – Талдықорған күрежолын жағалай қоныстанған ауыл тұрғындарының мәселесін шешуге атсалысу болған. Бізді мұнда елді мекен ақсақалы Боранбай Ерқалымұлы тосып алды. Мәселесін айтып, шағымын жеткізді. Түске дейін қауышып, түстен кейін қоштасатын ғаламторының жайы мәз болмағанына тұп-тура 2,5 айдан асқан. Қызылтоғандықтар ақсақалды қолқалап, бұл мәселені мінберден көтеруді өтініпті. Халықтың БАҚ-тан асқан мінбері бар ма? Боранбай қарияның сөзіне құлақ түрдік. 100-ге жуық тұрғыны бар елді мекенге бірнеше жыл бұрын Activ операторы ұялы байланыс ұсынған. Онысынан пайда болмаған соң тұрғындардың сұранысымен «Кар-Тел» ЖШС-ның Вееline ұялы байланыс пен ғаламтор таратуды қолға алған. Боранбай Ерқалымұлы қазір мұндағы тұрғындар отбасылық тарифтерге қосылғанын, әрбір тариф үшін ауылдағылар ең азы 18 мың теңгеден қаражат жұмсайтынын айтты. Елді мекенде 100 үй бар болса, әр үй орта есеппен 18 мың теңгеден қаражат жұмсаса, Қызылтоған елді мекені айына 1,8 млн. теңге сапасыз ұялы байланыс пен ғаламторға жұмсайды. Сапасыз емей не, түске дейін бар, одан кейін ауылда мүлгіген тыныштық. Олай деуімізге толық негіз бар. Мемлекет басшысы айтқан «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстанда», Ахмет Байтұрсынұлының айтқанын қазіргі тілмен зерделесек, ғаламтор – халықтың құлағы, көзі һәм тілі. Айтпақшы, Боранбай Ерқалымұлының айтуынша, тариф құнының өсетіні туралы ұялы телефондарға хабарлама келген. Қызылтоғандықтар сапасыз байланысты қалпына келтірмей ақы сұрағанына налиды.
Басқа басқа, ғаламтордың қолжетімсіздігін білмекке ауыл мектебіне бас сұқтық. Мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Мақпал Әбдікәрімова тұрғындардың жанайқайын тыңдар құлақ болмай тұрғанын алға тартты. Айтуынша, күрежолдың бойында тұрып, өркениеттен алыстап қалғаны әрбір қызылтоғандықты қынжылтады-мыс.
– Ғаламтордың әлсіздігін көптен қаузап жүрміз. Бірақ, ешкімнің шымбайына батып жатқан жоқ бұл мәселе. Ғаламтордың сапасыздығы бір-екі айдың көлемінде ғана туындап отырған жоқ. Бұған дейін де интернеттің қолжетімсіздігі «жүрек ауыртатын». Былтыр қызым мектепті тамамдады. Қазіргі бала үшін ғаламтор ауадай. Сол жылы ҰБТ-ға дайындық үшін қызымды Мұқыры ауылында оқытуға тура келді. Баламның болашағы үшін осындай қадамға бардым. Ал ҰБТ-ға дайындық үшін оқушылар онлайн курстардың көмегіне жүгінеді. Интернет жоқ кезде қайдағы онлайн курс? – дейді Мақпал Әбдікәрімова.
Жуырда ғана кезекті ҰБТ тапсырған ауыл мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрмұхамед Ибрагим 115 балл алыпты. Оның анасы Жанар Идиятова баласының дайындық кезде ғаламтордың жоғына әбден «азарланғанын» жеткізді. Мектептің іс-қағаз жүргізушісі Әлия Кабенова да өзгелердің ойын қуаттайды. Айтуынша, «Кар-Тел» ЖШС-ның Вееline ұялы байланыс пен ғаламтор тарату антеннасы Шаған тауында орналасқан. Тұрғындар компания өкілдеріне байланысқа да шыққан. Олар тау басындағы қардың қалыңдығынан антеннаға жақындау мүмкін емес екенін алға тартыпты.
Мәселенің мәнісін білмекке Алғабас ауылдық округінің әкімі Әлішер Жұмабекке жолықтық. 2023 жылы сайланған әкім мәселеден хабардар екенін, «Кар-Тел» ЖШС-мен байланысқанын алға тартты. Байланысқанда телефонмен сөйлесіпті. Олар тұрғындарға айтқан уәжді әкімге де айтқан. Әлішер Қайратұлы мұнан басқа әрекет жасамаған. Себебі, ғаламтор таратушы жеке компания, ал оған атқарушы орган ештеңе істей алмайды-мыс. Тіпті, өзінен жоғары тұрған құзырлыларға хабар бермеген, тиісті құрылымдарға хат та жазбаған. Аң-таң қалдық. Елорда төрінде өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Әкімнің ең басты міндеті – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру. Ауылдағы ағайынның әл-ауқаты жақсарса, ауылдарымыз да көркейеді деген сөз», – деген еді. Сол жиында ауыл әкімдеріне: «Жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде бұл іске ауыл әкімдері де белсенді түрде атсалысқаны жөн. Елді мекендерді цифрландыру ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай теңестіреді», – деп ауқымды тапсырма жүктеді. Алғабастық әкімде тапсырманы орындауға қарекет телефонмен сөйлесу арқылы шектелгендей. Қазір көп шенеунік «менің құзыретіме кірмейді» деген сыдыртпа жауапты жанына жақын көреді ғой. Бірақ, ауыл әкімі ел Президенті жүктеген тапсырманы орындауда «майдан қыл суырғандай» етіп орындауы тиіс. Жүктелген міндетті орындауда заң талабын аттамаса болғаны.
Жергілікті атқамінермен әңгіме барысында тиісті құрылымдарға хат жазу керегін, қажет болған жағдайда аудан әкімдігінен Шаған таудағы антеннаға баруға арнаулы техника сұрауын және «Кар-Тел» ЖШС өкілдеріне байланыс пен ғаламторды қалыпқа келтіру жайлы ұсынысымызды айттық. Әкімнің жастығын ескердік. Жөн көрсеттік. Вееline ұялы байланыс пен ғаламтор тарату қызметі халықтың көңілінен шықпаса басқа операторларды шақыруға болатынын да тілге тиек еттік. Мұнан соң «Кар-Тел» ЖШС-на байланысқа шықтық. Валерий Свинарев есімді серіктестік қызметкері ғаламторды қалыпқа келтіруге күш салып жатқанын жеткізді.
Ауылдық округ әкімі Әлішер Жұмабек 10-15 күн мұрсат сұрады. Сол уақыт аралығында тұрғындардың мәселесі толық майшаммен қаралып, ғаламтор жағдайын шешіп, халықтың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ететінін айтты. Күтелік, әкім сөзіне сенелік.
Дастанбек САДЫҚ





