Кеңжыра орта мектебінде жыл сайын жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясы жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Мектеппен тығыз байланыс орнатып, көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына оқу құралдарын алып беріп, әр отбасының жағдайын назарында ұстап отыратын қайырымды жандар аз емес. Солардың бірі Тәңірберген Баймәдиұлының сауапты ісін бүгінде балалары мен жары жалғастырып, биылғы оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында мектебіміздің 11-сыныбына көшкен 7 балалы отбасынан шыққан Аслан Асқарұлына смартфон сыйға тартты. Мектеп ұжымының атынан Тәңірберген Баймәдиұлының отбасына алғысымызды білдіреміз.
«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» демекші, сауапты істен қол үзбеген, маңайына қамқоршы болудың ізгі үлгісін көрсетіп кеткен марқұм Тəңірберген ағаның жатқан жері жайлы болсын. Отбасының өнегесі жас өркеннің жолын ашып, білімін ұштауға зор ықпал ететініне сенімдіміз.
А. НАМАЗШАМОВА,
Кеңжыра орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Ақсу ауданы





