Қасиетті Рамазан айында Жетісу облысында бір мезетте 60 мұқтаж отбасына 60 қой таратылды. Аймақтағы атымтай жомарт азаматтардың атсалысуымен өткен зекет беру шарасын мешіт имамдары ұйымдастырған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жетісу өңірі бойынша бас имамы Керімбек Дәуітовтің сөзінше, «зекет» сөзі тазару, өсу, өну, арту және береке деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатымызда «зекет» деп нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруін айтады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 43-ші аятында: «Намазды толық орындаңдар және зекетті беріңдер» деп зекетті намаз құлшылғымен бірге өтеуді бұйырған. Нақтырақ айтқанда, зекет – мұсылмандардың бес парызының бірі, яғни, төртінші шарты, қоғамдағы кедей адамдарға беруге жүктелген садақа. Мұнда шариғат бойынша кәмелетке толған ауқатты мұсылмандар жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруге міндетті. Мысалға, ақшасы барлар жалпы ақшасының көлеміне қарай, қой, ешкінің саны 40-тан асса бір қой, түйе 5-тен, мүйізді ірі қараның саны 30-дан асса бір тайынша зекет беруге болады. Зекет мешітке немесе мұқтаж адамдарға беріледі. Ал, пітір садақасы 85 грамм алтыны, не сондай құнға ие байлығы бар адам бір жылда бір рет беретін уәжіп садақа. Оны Рамазан айы басталған күннен ораза айт намазы оқылғанға дейін берген дұрыс. Ол – жаңа туылған сәбиден бастап қартқа дейін уәжіп етілген. Пітірді отағасы береді. Пітір садақасының негізгі мәні – өмірге келіп, жер басып жүргені үшін беріледі. Оны жергілікті жердегі мұқтаж адамдарға берген абзал. Ол бидай немесе бидай ұнының уәжіп болған мөлшерімен белгіленеді. Мәселен, биылғы пітір садақаның мөлшері 655 теңге болып бекітілген.
– Бұл жолы өңірдегі кәсіпкер азаматтардың қолдауымен тұрмысында қиыншылығы бар 60 жанұяға қой үлестірілді. Жалпы сауапты істен құр қалмай, қол ұшын созған әрбір қайырымды азаматтың ісі оңға басып, Алла мол сауаптан жазсын! Мұндай шаралар бұдан былай да жалғасатын болады»,– дейді өңір имамы.
Еске сала кетсек, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл. Осыған байланысты Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен түрлі шаралар қолға алынуда. Жақында өткен «Рамазан сыйы» атты қайырымдылық марафонының аясында бір мезетте еліміз бойынша 3500 отбасына көмек көрсетілсе, Жетісу жеріндегі мешіттерде тұрмысында қиыншылығы бар көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жағдайы төмен отбасының мүшелері, асыраушысынан айырылған жетім-жесір, мүмкіндігі шектеулі жандардан құрам тапқан 1000 мұқтаж отбасына азық-түлік себеттері таратылған еді. Дін қызметкерлеріннің айтуынша қазір аймақта «Рамазан сыйы», «Ауызашар», «Біз біргеміз!», «Жақыныңа жанашыр бол!», «Жақсылық жасап жарысайық!» сынды қайырымдылық акциялары шеңберінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетілуде. Мұндай игілікті істер әлі де жалғасауда.
Айдын КӘЛІМХАН





