Бүгінгі қоғам кәсіби білімі жетік, құзыретті, бәсекеге қабілетті мамандарды талап етеді. Білікті ұстаз, білімді маман болу үшін әрбір мұғалім өз білімін үздіксіз көтеріп отыруы тиіс. Кәсіби білімді тұрақты жетілдіру – мұғалімдердің құқықтары әрі міндеттері, білім беру жүйесінің тұрақты дамуының кепілі, мемлекет дамуының құралы.
Педагогтердің кәсіби білімін дамытуға ықпал ететін курс көп. Осы орайда биыл Талдықорған қаласында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамында «Әдебиеттік оқу сабақтарында оқу сауаттылығын қалыптастыру» атты курс өтті. Нәтижесінде ауданның әр мектебінен келген бастауыш сынып мұғалімдері кәсіби білімін жетілдіру үшін екі апталық курстан өтіп, сертификатқа ие болды. Курсты білімді де білікті маман, тренер Гүлнар Ерғасаева жүргізді. Мұндағы басты мақсат – бастауыш сыныпта әдебиеттік оқу бағдарламалары мен пәндік құзыреттілікті дамыту. Әдебиеттік оқу сабақтарында оқу сауаттылығын қалыптастыру – оқушылардың мәтінді түсіну, талдау және бағалау дағдыларын дамытатын маңызды үдеріс. Бұл бағытта тиімді жұмыс істеу үшін мәтінмен жұмыс түрлерін қолдану, сын тұрғысынан ойлау сұрақтарын қою және шығармашылық тапсырмалар беру арқылы әдістерді қалай қолдануды үйренді.
Мұғалімнің кәсіби шығармашылығы – оның жан-жақты білімінен ұстаздық шеберлігімен, оқытудың жаңа әдістерін меңгеруімен өлшенеді. Ұстаз қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның білім беру аясы да соғұрлым кең болмақ. Мұғалімнің кәсіби білімін жетілдіруі – кәсіби құзыреттіліктің кемелденуі екенін ұмытпағанымыз жөн.
Эльмира ЧИНИБАЕВА,
Д. Қонаев атындағы орта
мектептің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші
Сарыөзек ауылы,
Кербұлақ ауданы





