2025 жылы Қазақстанда Конституция күні (30 тамыз) сенбіге сәйкес келіп тұрғандықтан, демалыс дүйсенбіге — 1 қыркүйекке ауыстырылады. Осыған байланысты жаңа оқу жылының басталуына қатысты өзгерістер болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды 7-su.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, биыл еліміздегі мектептерде оқу 2 қыркүйекте ресми түрде басталады.
«Салтанатты іс-шараға, оқу жылының басына келер болсақ, біз бұл мәселені қарастырдық. Егер мектеп ұжымы мен мұғалімдер кеңесі салтанатты шараларды 1 қыркүйекте өткізуді жөн санаса, оларға ондай мүмкіндік беріледі. Алайда ресми түрде барлық іс-шара 2 қыркүйекте өтеді. Өйткені бұл — жұмыс күні және бұрыннан солай қалыптасқан», – деді Ғани Бейсембаев.
Министр алғашқы қоңырау дәстүрге сай бірінші сынып оқушылары үшін өткізілетінін атап өтті. Бұл — олардың мектеп табалдырығын алғаш рет аттауы, ата-аналар мен ұстаздар үшін маңызды сәт.
«1 қыркүйек — бірінші сынып оқушылары үшін ерекше күн. Сондықтан біз педагогикалық ұжыммен, ата-аналармен ақылдасып жатырмыз. Олар бұл күннің мәнін ескеріп, балалардың алғашқы қадамын есте қаларлық етуге ниетті», – деді министр.
Осылайша, мектептер салтанатты жиынды 1 қыркүйекте өткізуге ниетті болса, рұқсат етіледі. Бірақ ресми оқу процесі 2 қыркүйекте басталады.





