«Жетісу медиа» ақпараттық орталығында өткен «Тұрғын үймен қамтамасыз етудегі жаңа бағдарламаны жүзеге асыру» брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Баясыл мен «Отбасы банкі» АҚ облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Баймырзаұлы ауылды мекендерге арналған «Жерұйық» тұрғын үй бағдарламасы туралы баяндады.
Сәкен Серікұлының айтуынша, бүгінде облыста 30948 адам үй кезегінде тұр. Оның қатарында мүгедектер мен соғыс ардагерлері, халықтың әлеуметтік осал топтары, мемлекеттік қызметкерлер, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Биыл барлық бағыт бойынша 3487 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып, қазіргі таңда 1068 азамат баспаналы болды. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен тұрғын үй бағдарламасына қатысушылары үшін 443 млн. теңге қарастырылып, 257 азаматқа 250 млн. теңгеге тұрғын үй сертификаты табысталған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында «Отбасы банк» АҚ жалдау төлемдерін субсидиялауға өтінімдерді қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, жергілікті бюжеттен 100,0 млн. теңге қарастырылып, 167 азамат «Отбасы банк» АҚ-мен келісімшарт жасалды. «Тұрғын-үй коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған» тұжырымдамасы аясында тамыз айында Талдықорған қаласы 9-шы шағын ауданында орналасқан 308 пәтер «Отбасы Банк» АҚ арқылы сатылымға шығарылды. Аталған бағдарламаға 562 азамат өтініш қалдырып, оның 181 қабылданыпты. «Жетісу жастары» бағдарламасы аясында 126 азамат өтініш білдіріп,
249 млн.теңгеге 25 жас отбасы үйлі болды, – деді ол.
Ауыл мамандарын қолдауға арналған «Жерұйық» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында биыл облыстық бюджеттен 1,0 млрд. теңге қарастырылды. Жаңа бағдарлама жайлы Мұрат Баймырзаұлы түсіндіріп өтті.
Оның айтуынша, аталған бағдарламаға аудандық, ауылдық округ тұрғындары, ауылшаруашлығы, білім, медицина сала және де мемлекеттік қызметкерлер қатыса алады. Бағдарлама облыс бойынша 66 отбасының тұрғын үйге мұқтаждығын шешеді. Яғни, бағдарлама аясында Ақсу ауданында 7, Алакөл ауданында 8, Ескелді ауданында 7, Қаратал ауданында 7, Кербұлақ ауданында 6, Көксу ауданында 8, Панфилов ауданында 9, Сарқан ауданында 7, Текелі қаласыда 7 адамға пәтер берілмек.
– Құжаттар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекмелерінде қабылданады. Өтініштерді қыркүйектің 10-нан кейін тапсыра беруге болады, – дейді ол.
Әрине, жайлы баспана әркімнің арманы. Ал аудан, ауылдарда тұратын азаматтардың арманын орындау аясында қолға алынған жаңа бағдарламаның баянды болары анық.
Қажет Андас
Фото: ratel.kz-тен алынды





