Қылышын сүйреп қыс келді. Сондықтан алдағы маусымға жол дайын, қажетті техника сақадай сай болуы тиіс.
Осыған орай, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы аймағымыздағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы кезеңге дайындау аясында көліктің қауіпсіз және кедергісіз қозғалуына ықпал ететін қажетті жұмыстарды жүргізуде.
Ірі магистральдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету республикалық маңызы бар жолдарды салу және жөндеу жұмыстары «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының құзырында. Жауапты мамандар қызу жұмысқа кірісіп, ұзындығы 1034 шақырым болатын жолдарды қысқы күтіп ұстауды аяқтады.
Компания мамандары облыс аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар жолдарды қысқы күтіп ұстау бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Көктал ауылындағы ДЭУ-90 өндірістік базасында журналистерді «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалының бас маманы Айдын Тұрдымаханбет пен жол жөндеу учаскесінің басшысы Жанатбек Байсейітов қарсы алды.
– Мұздан тазарту материалдарын дайындап, қар тазалайтын техникалар, көлік жүргізушілері мен жолаушыларды жылыту пункттерін жөндедік. 185 тонна көмір, 3 мың тоннаға жуық өндірістік тұз және 24 108 м³ сүзгі дайындадық. Бүгінде 65 түрлі жол техникасы жұмысқа сақадай сай. Тағы екеуі жөндеуде, – дейді А.Тұрдымаханбет.
Маман былтыр ауа райының қолайсыздығынан, бұрқасын, көктайғақтың салдарынан республикалық маңызы бар жолдарда көлік қозғалысы 32 рет шектелгенін айтты. Осыған байланысты биыл оқыс жағдайдың алдын алу үшін «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалы сақтық шараларына баса назар аударғанын айтты.
Тәжірибелі маман Жанатбек Тоқтарбекұлының пікірінше, облыстағы республикалық маңызы бар жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліпті. Себебі, барлық шаралар қауіпсіздікті арттыруға бағытталыпты. Сонымен қатар, ол жүргізушілер, механиктер, қарапайым жұмысшылар және өзге де 47 қызметкерді қамтитын ДЭУ–90 өндірістік базасында атқарылып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
– Біздің ұйым ұзындығы 226 шақырымды құрайтын Алматы-Шелек-Қорғас, Алматы-Көкпек, Көктал-Қорғас және Сарыөзек-Көктал-Қорғас үш учаскесіне қызмет көрсетеді. Төтенше штаб Көктал ауылындағы өндірістік базада орналасқан. Дәл осы жерден жүргізушілеріміз толық медициналық тексеруден өтіп, бекеттеріне барады. Қар жауған кезде олар тәулік бойы ауысыммен жұмыс істейді. Айтпақшы, жолдардағы көлік қозғалысының қауіпсіз болуы үшін 500 тонна техникалық тұз, 9 тонна мұздан тазартатын материал және техникалық тұз араласқан 5 мың текше метрден астам сүзгі дайындадық», – дейді Жанатбек Байсейітов.
Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: © istockphoto.com