Қазақстан Қарулы күштерінде 15 қыркүйек – бронды танк техникасымен қызметі тығыз байланысты әскери қызметшілер мен ардагерлердің кәсіби мерекесі – Танкшілер күні атап өтіледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл күннің тарихы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан бастау алады. 1941 жылы Шымкент теміржолы еңбеккерлерінің бастамасымен республикада танк колоннасын құру үшін қаржы жиналды. Соның нәтижесінде, 1942 жылдың 15 қыркүйегінде майданға «Қазақстан комсомолы» деген жазуы бар 46 танк аттанды. Олар шешуші шайқастарға қатысып, Берлинге дейін жеткен еді.
Бүгінде танк әскері аға буынның даңқты дәстүрін жалғастырып келеді. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев танкшілердің кәсібилігі мен ұрыс жүргізу тактикасы жыл сайын жетілдіріліп отырғанын атап өтті.
Мерекеге орай Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде салтанатты жиын өтті. Оған Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы, ардагерлер мен әскери қызметшілер қатысты.
Қорғаныс министрінің атынан құттықтауды оның орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев жеткізді. Ол ардагерлер мен қазіргі танкшілердің ел қорғаныс қабілетін нығайтудағы маңызды рөліне тоқталды.
– Қазіргі қақтығыстар танк әскерлерінің ұрыс алаңындағы шешуші күштердің бірі екенін дәлелдеп отыр. Танкшілер – бұл күштің, машықтың және үйлесімділіктің символы, – деді ол.
Салтанатты шара барысында ардагерлер мен әскери қызметшілер марапатталып, алғыс хаттар табыс етілді. Мереке 68665 әскери бөлімі Құрмет қарауылы ротасының дефилесімен және Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.





