«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, 23 наурыз күні Қазақстан аумағында ауа райы тұрақсыз сипат алып, бірқатар өңірлерде жауын-шашын мен табиғи құбылыстар күтіледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Синоптиктердің мәліметінше, жексенбі күні елдің батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын болады. Әсіресе оңтүстік өңірлердің тау бөктері мен таулы аймақтарында нөсер жауын күшейіп, кей жерлерде найзағай ойнайды. Ал республика аумағының өзге бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Жетісу облысының оңтүстігі мен орталығында, сондай-ақ таулы аудандарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні Алакөл маңында күндіз 15-20 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Қарағанды облысының батысы, солтүстігі және шығысында тұман түсіп, түнгі және таңғы уақыттарда жолдарда көктайғақ қалыптасады. Облыс орталығында да кей уақыттарда тұман байқалады.
Алматы облысының бірқатар аумағында, әсіресе таулы өңірлерде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Түн мезгілінде тұман түсіп, күндіз жел күшейіп, екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Қонаев қаласында да желдің екпіні 18 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Іле Алатауының таулы аймақтарында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, түнде тұман түсу ықтимал.
Атырау облысының шығысында жаңбыр мен найзағай күтілсе, өңірдің көп бөлігінде тұман болады. Ұлытау, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында да тұман түсіп, кей жерлерде көктайғақ байқалады. Желдің екпіні жекелеген аймақтарда 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Жамбыл және Түркістан облыстарында ауа райы күрделене түсіп, жаңбыр, найзағай, кей өңірлерде нөсер жауын жауады. Таулы аймақтарда жауын-шашын күшейіп, желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Шымкент пен Тараз қалаларында да жаңбырлы, найзағайлы ауа райы күтіледі.
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында күннің жылынуына байланысты қардың қарқынды еруі жалғасады. Соның салдарынан өзендердегі су деңгейі көтеріліп, еріген қар суы мен беткейлік ағындардың артуы ықтимал. Бұл жағдайлар су жайылуы мен су басу қаупін күшейтеді.
Ел астанасы Астанада да кей уақыттарда тұман күтіледі. Жалпы алғанда, 23 наурызда республика бойынша ауа райы құбылмалы сипат алып, тұрғындарға сақтық шараларын ұстану қажеттігі ескертіледі.





