Жетісу облысында тауарлық несиелерді заңсыз рәсімдеу арқылы азаматтарды тақырға отырғызған қылмыстық топтың ісі сотқа жолданды. Бұл алаяқтық схемасы салдарынан ондаған адам миллиондаған қарызға батқан, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Тергеу барысында анықталғандай, қылмыстық жоспар 2024 жылдың қазан айында басталған. Іске күдікті ретінде Алматы облысы Гүлдала ауылының 31-32 жастағы тұрғыны мен Талдықорған қаласының 25-26 жастағы азаматы тартылып отыр. Олардың әрекет ету әдісі өте қарапайым әрі сенімді көрінген:
- Азаматтарға интернет-дүкендер арқылы тауарлық несие рәсімдеу ұсынылған.
- Күдіктілер алынған тауарды немесе несие қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып беруге уәде берген.
- Ең бастысы, олар несиені өздері төлеп қана қоймай, үстінен қосымша ақы төлейміз деп сендірген.
Сенімділікті арттыру үшін алаяқтар туыстарының банк шоттарын пайдаланып, алғашқы айларда несиенің бір бөлігін төлеп отырған. Бұл жәбірленушілердің күмәнін сейілтіп, олардың өз таныстары мен туыстарын да осы іске тартуына себеп болған.
Бұл істің тағы бір қорқынышты тұсы – қылмысқа Алматыдағы микроқаржы ұйымдарының бірінің қызметкері жәрдемдескен. Ол қаржылық сауаттылығы төмен немесе ақшадан қысылған адамдарды тауып, оларды осы схемаға қатысуға үгіттеген.
Нәтижесінде, Жетісу өңірінің 37 тұрғыны зардап шегіп, оларға келтірілген жалпы шығын 80 млн теңгеден асып жығылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары аяқталып, материалдар сот қарауына жіберілді.
Мамандар бөтен адамның сіздің атыңызға несие рәсімдеуіне немесе банк қосымшасын басқаруына жол бермеу керек екенін ескертеді. «Жеңіл ақша» немесе «біз сіз үшін несие төлейміз» деген уәделердің артында әрдайым үлкен қауіп тұрады. Несие тарихыңыз бен қаржылық еркіндігіңізді сақтау үшін күмәнді ұсыныстардан аулақ болыңыз.





