Облыста қазіргі кезде 288 шаруа қожалығы екі қант зауытына 167,4 мың тонна қант қызылшасын өткізген. Соның 72,1 мың тоннасы Көксу қант зауытына, 95,3 мың тоннасы Ақсу қант зауытына жеткізілді. Зауыттар кестеге сәйкес күніне орта есеппен 7,5-8 мың тонна қызылша қабылдап отыр. Бүгінгі күнге екі кәсіпорын 54 мың тонна өнім өңдеп, 6,5 мың тонна қант шығарды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, 12,2 мың гектар қант қызылшасының 7,2 мың гектары қазылып, 324 мың тонна өнім алынды. Гектар өнімділігі 450 центнерден айналып отыр. Қалған 5 мың гектарды қазу жұмыстарын 1 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі кезде өнім жинауға 113 комбайн жұмылдырылған.
Жалпы өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау науқаны жалғасып жатыр. Бүгінгі күнге 278,8 мың гектар дәнді дақылдар орылып, 748,4 мың тонна астық бастырылды. Орташа гектар өнімділігі 26,8 центнерді құрады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметі бойынша, биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына Аграрлық несие корпорациясы тарапынан 10 млрд. теңге бөлініп, 317 өтінім бойынша 7,5 млрд. теңге несие қаражаты берілген. Ал күзгі дала жұмыстарына 7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бүгінгі таңда 6,8 мың тоннасы сатып алынды. Қазіргі кезде алдағы көктемгі дала жұмыстарына өтінімдер қабылдау жұмыстары жалғасуда. Минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемі 58,8 мың тоннаға дейін жеткізіліп, жоспар толық орындалған. Келесі көктемгі дала жұмыстарына қажетті 51,9 мың тонна тұқым толық дайындалған. Ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жұмыстың жоспарға сай атқарылуы тікелей бақылауға алынған.
Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ





