2 қазанда еліміздің көп өңірінде ауа райының күрт өзгеруіне байланысты дауылды ескерту жарияланды.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Жамбыл, Жетісу және Алматы облыстарының таулы аудандарында қар аралас жаңбыр жауып, тұман түседі, жолдарда көктайғақ болады деп күтіледі. Кей жерлерде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Астанада аздап қар аралас жаңбыр жауады. Таңертең және күндіз желдің жылдамдығы 15-20 м/с, кей тұста 23 м/с-қа дейін жетпек. Алматыда да түнде жауын-шашын күтіледі.
Батыс Қазақстан облысында түнде үсік жүреді деп болжануда. Павлодар, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында да қар аралас жаңбыр, тұман және көктайғақ болуы ықтимал. Жел екпіні кей өңірлерде 28 м/с-қа дейін күшейеді.
Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстарында негізінен жауын-шашынсыз болады, бірақ төтенше өрт қаупі сақталады.
Алдағы үш күнде елордада сынап бағаны -4°С-қа дейін төмендеп, қар жауады және үсік жүреді. Алматыда ауа температурасы +3°С шамасында болып, жаңбырлы күндер күтіледі. Шымкентте күн жылы сақталады.





