8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ер азаматтардың көбі жақын жандарына қандай сыйлық сыйларын білмей ойланып жатады. Бірі гүл мен тәтті алса, енді бірі ерекше әрі пайдалы сыйлық іздейді. Егер сіз де не сыйлайтыныңызды білмей жүрсеңіз, төмендегі ұсыныстарға назар аударып көріңіз.
Анаңызға
Ана – әр адамның өміріндегі ең қымбат жан. Сондықтан бұл күні оған ерекше көңіл бөлген дұрыс. Көп жағдайда аналар өзіне күтім жасауға уақыт таба бермейді. Сол себепті сұлулық салонына, массажға немесе косметологқа арналған сертификат тамаша сыйлық болуы мүмкін. Бұл анаңызға демалып, өзіне уақыт арнауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тұрмысты жеңілдететін шағын техника да пайдалы сыйлыққа жатады. Мысалы, мультиварка, асүй комбайны, йогурт дайындайтын құрылғы, блендер немесе кофемашина.
Егер анаңыз мәдени шараларды ұнатса, театрға, концертке немесе мұражайға билет сыйлауға болады. Сондай-ақ иіссу, сапалы төсек жабдығы, әдемі дастарқан, сәнді шарф, палантин немесе әмиян да жақсы сыйлықтың қатарында.
Сүйіктіңізге
Сүйіктіңізге сыйлық таңдағанда оның қызығушылығын ескерген жөн. Мысалы, сұлулық салонына немесе массажға арналған сертификат беруге болады.
Сырт келбетіне мән беретін қыздарға шаш сәндеуге арналған стайлер, автоматты плойка немесе түрлі қондырмасы бар заманауи фен ұнайтыны анық. Ал сәнді әшекейлерді жақсы көретіндерге сырға, сақина, білезік немесе моншақ секілді зергерлік бұйымдар жарасады.
Косметика да – әрдайым қажет сыйлық. Шаш күтіміне арналған құралдар, бет күтіміне арналған крем немесе сәнді косметика жиынтығы да жақсы таңдау болуы мүмкін. Әлеуметтік желіде белсенді қыздарға штатив немесе жарық түсіруге арналған арнайы лампа сыйлауға болады.
Әйеліңізге
Жұбайыңызға сыйлық таңдағанда оның күнделікті өміріне қажет дүниелерді ескерген дұрыс. Мысалы, клатч, кең шоппер немесе күнделікті қолдануға арналған ыңғайлы сөмке жақсы сыйлық бола алады.
Сонымен қатар заманауи гаджеттер де назардан тыс қалмауы тиіс. Мысалы, сапалы құлаққап, ауа ылғалдандырғыш, ақылды таразы, робот-шаңсорғыш немесе электрлі тіс щеткасы.
Жібек матадан тігілген ұйқы киімі немесе нәзік пеньюар да әйелді қуантатын сыйлықтардың бірі. Егер жұбайыңыз бұрыннан фитнеске, биге, йогаға немесе вокал сабағына баруды армандап жүрсе, арнайы абонемент сыйлауға болады. Сонымен қатар романтикалық кешкі ас ұйымдастыру да жақсы идея.
Әжеңізге
Әжеге сыйлық таңдағанда оның денсаулығы мен жайлылығын ескерген жөн. Мысалы, электронды тонометр немесе ауа ылғалдандырғыш сияқты құрылғылар қарт адамдар үшін пайдалы.
Үй шаруасын жеңілдететін робот-шаңсорғыш та жақсы көмекші бола алады. Сонымен қатар аяққа немесе арқаға арналған массаж құрылғылары әжеңізге демалып, шаршағанын басуға көмектеседі.
Егер әжеңіз қолөнермен айналысуды ұнатса, тоқуға немесе кесте тігуге арналған құралдар сыйлауға болады. Ал ас әзірлеуді жақсы көретін әжелерге тәтті пісіруге арналған қалыптар немесе ерекше дәмдеуіштер жиынтығы ұнайды.
Сондай-ақ әдемі көйлек, жұмсақ жамылғы, ортопедиялық жастық немесе жылы үйге киетін аяқ киім де жақсы сыйлық болады.
Әпкеңізге немесе сіңліңізге
Сыйлық таңдағанда алдымен жасына мән берген дұрыс. Жас қыздарға косметикаға арналған органайзер, ерекше смартфон қабы немесе макияжға арналған қылқалам жиынтығы ұнауы мүмкін.
Ал ересек әпке-сіңліге тұрмыста қажет заттар сыйлауға болады. Мысалы, косметика, асүйге арналған техника немесе ыдыс-аяқ. Егер ол компьютерде көп жұмыс істесе, сусынды ұзақ жылы ұстап тұратын термос та пайдалы сыйлық болуы мүмкін.
Әшекей бұйымдар да – кез келген қызға ұнайтын сыйлық. Әдемі сақина, білезік немесе сырға қуаныш сыйлайтыны анық. Ал сыйлық таңдауда күмәндансаңыз, сапалы иіссу ұсынуға болады.
Құрбыңызға
Құрбыңызға сыйлық таңдау қиын емес. Ең бастысы – оның талғамын ескеру. Мысалы, ерекше дизайндағы блокнот, жоспар дәптері секілді ұсақ, бірақ пайдалы сыйлықтар әрдайым қажет.
Сонымен қатар әмиян, сөмке немесе визиткаға арналған қап сияқты аксессуарлар да жақсы таңдау болуы мүмкін. Сапалы косметика немесе күтім құралдары да құрбыңызды қуантады.
Ең бастысы – сыйлықтың бағасы емес, оны қандай көңілмен бергеніңіз маңызды. Сондықтан қандай сыйлық берсеңіз де, оны жылы сөзбен және шынайы ықыласпен ұсыну – ең үлкен қуаныш.
Дереккөз: El.kz





