– Қандай да болмасын бір іс бастағым келді. Отағасымен ақылдасып, 2014 жылы кішкентай ғана дүңгіршек аштым. Сауда жасаудың қыры мен сырын да білмейтінмін. Бірақ адамдармен сөйлесу, оларға қызмет көрсету мені жігерлендірді. Олардың алғысы жұмыс істеуге жол ашты. Ең бастысы – адал саудада ғана береке барын ұмытпау керек, – дейді қарашоқылық кәсіпкер Диляра Құдайбергенова.
Бірлігі мен берекесі жарасқан алақандай ғана ауыл тұрғындары іздегенін осы дүкеннен табады. Азық-түлік, тұрмыстық тауарлар мен киім-кешек дегеніңіз сөрелерде толып тұр. «Диляра» дүкеніне бас сұғып, таң-тамаша болдық. Ағылып кеп жатқан адамдардан кейін біз де кезегімізді күтіп тұрдық. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан дүкенде сауда қызып тұр. Ауыл деген аты болмаса қаладағы дүкеннен кем түспейтініне көз жеткіздік.
Өзінің туған ауылынан дүкен ашып, кейін сол кәсіпті қалада жалғастырған Диляра араға біраз жыл салып, қайта ауылға көшіп келеді. Ауылдағы істен береке тапқан кәсіпкер ауылдағы тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға қолдау көрсетуден шаршаған емес.
– Жұмыс болғаннан кейін қиыншылықсыз болмайды. Дегенмен қазіргі таңда кәсіпкер боламын дегендерге еш қиындық жоқ. Себебі мемлекет кәсіпкерлік саласын дамытуға ерекше жағдай жасауда. Ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қамтып келген біздер алдағы уақытта осы кәсібімізді одан әрі кеңейтіп, тауар түрлерінің санын арттырсақ дейміз. Қысқасы, ауыл тұрғындары алысқа ат арылтпай, қолжетімді бағада қажеттісін ауылдан-ақ алуына жағдай жасаймыз. Ауылымызды көркейтіп, халқымыздың жағдайын жасау үшін тынбай еңбек етуге бармыз. Берекенің де, бірліктің де бастауы – ауылда екеніне талай мәрте көз жетті. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген бір-ақ ауыз сөз соның дәлелі, – деген кәсіпкер дүкен есігінен енген жастың да, жасамыстың да көңілін аулап, өз жұмысын ұршықша иіруде.
Ауылдастарына қамқорлық танытқан кәсіпкер 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауыл әкімімен келісіп ауылдағы көпбалалы аналарды жұмысқа орналастырған. Ыждағаттылықпен істеген жұмыстың нәтижесі зор болатынын ұғынған аналар адал еңбекпен адал ас табуға барынша әрекет етеді.
– Алты баланың анасымын. Осы дүкенде еңбек еткеніме 3 жыл болды. Ертесін 8.00-де ашылған дүкен кешкі 19.00-де жабылады. Жұмысты кезекпен ауысып істейміз. Үй шаруасымен ғана айналысып отырған біздерге бұл жұмыс үлкен көмек болды. Басында біраз қиналдық. Қазір үйрендік. Келген сатып алушыларды күліп қарсы алып, күліп шығарып саламыз. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді сатушы Айгүл ханым.
Ері Сейдінқазы Жүрденбаев мал шаруашылығымен айналысады. Зайыбының кәсібіне үнемі қолдау білдіріп, қайырымдылық істерінен да тыс қалмайды.
Кең әрі жарық, қызмет көрсетуге қолайлы дүкеннің ішінде керектінің бәрі бар. Дүкеннің іші-сырты жайнап тұр. Тұрғындар заман талабына сай лайықталған дүкен иесіне де, қызметіне де дән риза.
Еңлік КЕНЕБАЙ





