Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Арқа төрінде өтіп жатқан Жастар форумында алғыр буынның ұсыныс-тілектерін тыңдағаннан кейін соңынан сөз алды. Еліміздің әр саладағы жетістіктерін мәлімдеп, қала тұрғындарың саны өскенін айтқан Елбасы жасанды интеллект туралы тың ойымен бөлісті.
«Қазіргі таңда әлемде 300 миллионнан астам тұрақты жұмысы жоқ немесе қызметке тұра алмай жүрген жас бар», — деді Президент. Өз сөзінде ол дамыған техника — жасанды интеллект жүйесін түзгенін, нәтижесінде, көптеген маман өз орнын босатуға мәжбүр болатынын жеткізді. Әсіресе, сатушылар, экономистер, заңгерлер, жүргізушілердің орнын жасанды интеллект ауыстыратынын айтты. Ал адамның күші болмаса жүзеге аспайтын мамандықтар бар. Ол — оқымыстылар мен жоғары санатты дәрігерлер. Технология дамыған жаңа заман талабын осылай түсіндірген Нұрсұлтан Әбішұлы әлемде үлкен жетістікке жеткен тұлғаларды мысалға келтірді. Алғыр ойлы жастардың жұмысын мысалға алып, көмек қолын созу керектігін тілге тиек етті.
«Мына залдың ішіне барлық таланттарды жинай алмаймыз. Олар сыймайды», — деген Президент жастарға қатысты жаңа жобаны таныстырды. Жаңа жоба жас кәсіпкерлердің ісін жандандырады. Жоба ауылда мектеп бітіріп, қандай салаға жұмысқа кірерін білмейтін жастарды қамқорлыққа алмақ. Президент жас ғалымдарға бөлінетін қаржыны арттыруды тапсырды. «Үкіметке жастардың бизнес-жобаларына қолдау көрсететін қор құруды тапсырамын», — деді Елбасы. Сондай-ақ, урбанизация мәселесін тілге тиек еткен Президент жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін арттыру қажеттігін алға тартты.
«Оған қарағанда біздің даламыз жұмақ қой. Қырық мың гектар жер телімі бар. Ата-бабамыздан қалған мал жайылымы бар», — деді Елбасы ауылшаруашылығын дамытуға қатысты өз ойымен бөлісіп. Өз сөзінде ол ауылшаруашылығын дамытып отырған шет мемлекеттерді мысал етіп көрсетіп, тақыр даланы жайқалтып отырған алқаптарды атады.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





