Қай кезеңде болсын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Уақыт алға жылжыған сайын олардың жауапкершілігі де, талабы да, мүмкіндігі де артып келеді. Бүгінгі цифрлық дәуір жастардан ой еңбегін ғана талап ететіндей көрінеді. Абзалында адам физикалық тұрғыда да мықты болуы керек.
Жас буынның білекке күш түсіріп, маңдай терімен жұмыс істеуі ең алдымен олардың өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Еңбектің қадірін терең сезінген жас кез келген жетістіктің артында маңдай тер мен табандылық жатқанын түсінеді. Тіпті, қарапайым шаруа істеп жүріп-ақ ұқыптылық, шыдамдылық, тәртіп секілді адами қасиеттер қалыптасады. Бұл мектеп оқулығынан табылмайтын, тәжірибе арқылы ғана келетін үлкен сабақ.
Бүгінгі буын өз болашағын ойлайтын болса тек кабинет ішінде ғана емес, далада, өндірісте, қоғамдық ортада да шынығуы қажет. Қолмен бір істі жасап көрген адам еңбек адамын түсінеді, құрметтейді, қоғамдағы әр мамандықтың салмағын сезінеді. Адамды бақытты ететін ішкі мәдениеттің бастауы осы.
Жастар белін бекем буып, жауапты істерге араласқанда елдің де еңсесі биіктейді. Өйткені еңбекқор ұрпақ кез келген мемлекеттің ең мықты капиталы. Қара жұмыстан қашпайтын, істің ауырын көтере білетін жасты ертеңгі сенімді азамат десек қателеспейміз. Оның бойында шыдам да, қайрат та, табандылық та болады. Ал мұндай ұрпақпен ел дамып, қоғам жаңарары ақиқат.Сондықтан да жастардың білекке күш түсіріп еңбек еткені қашанда маңызды. Бұл олардың рухын шыңдайтын, өмірге дайындайтын, болашаққа сенімін арттыратын баға жетпес мектеп.
Күз айында Талдықорғандағы К. Ушинский атындағы №7 орта мектептің ерікті оқушыларының әдеп-құқық жұмысы жөніндегі менторы Ержан Нұрекеновпен Қаратал өзенінің жағасында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқанын бажайладым. Кейіннен іс-шара «Мейірімді Жетісу» акциясының «Таза Әлем» бағыты бойынша өткенін де сұрап білдім.
Содан түйген ойым: табиғатқа жанашырлық сөзбен емес, іспен дәлелденуі керек. Қаратал жағажайында өткен тазалық акциясы соның айқын көрінісі болды. Еңбектің қадірін түсініп өсіп келе жатқан жастар барда таза табиғат та, таза қоғам да қалыптасарына сенім зор.
Лана ҚҰМАРҒАЛИЕВА,
әдеп-құқық жұмысы жөніндегі әдіскер
Талдықорған қаласы





