Қазақстан қазір тарихи бетбұрыс кезеңінде тұр. Ұсынылып отырған жаңа Конституция – жай ғана заңнамалық түзетулер жиынтығы емес. Бұл – мемлекеттің даму жүйесін қайта айқындау, қоғам мен билік арасындағы қатынасты жаңаша қалыптастыру, ел болашағын қандай құндылықтарға сүйеніп құратынымызды анықтау. Конституция – кез келген мемлекеттің тірегі. Ол тек құқықтық құжат емес. Ол – қарапайым азаматтың құқықтық кепілі, әр отбасының бейбіт өмірін қамтамасыз ететін, еңбек адамының мүддесін қорғайтын негіз. Сондықтан жаңа Конституция жобасын талқылағанда біз әр баптың артында нақты адамның тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек.
«Ауыл» партиясы үшін бұл талқылауда екі мәселе айрықша маңызды. Біріншісі – адам құқықтарының үстемдігі. Екіншісі – жаңа саяси басқару үлгісі арқылы халық мүддесінің нақты қорғалуы.
Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтары бүкіл негізгі заңның мағыналық өзегі ретінде айқындалған. Бұл – формалды өзгеріс емес, тұжырымдамалық бетбұрыс. Егер мемлекет шын мәнінде әділетті болуға талпынса, онда ол ең алдымен, әр азаматтың құқығын қорғай білуі тиіс. Әсіресе, бұл мәселе ауыл тұрғындары үшін аса өзекті. Қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық, әлеуметтік айырмашылықтар әлі де бар. Сондықтан құқықтың қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде тең қарастырылуы – басты міндет.
Жаңа жобада азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау нормасының енгізілуі – уақыт талабы. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшті. Шаруа қожалығы субсидия алады, жер рәсімдейді, есеп тапсырады – бәрі цифрлық жүйе арқылы жүзеге асады. Егер осы ортада азаматтың құқығы қорғалмаса, әділет туралы айту қиын. Цифрлық қауіпсіздік – тек техникалық мәселе емес. Ауылдағы шаруаның еңбегі әділ бағаланып, оның құқығы ақпараттық жүйеде де қорғалуы тиіс. Жаңа Конституция осы бағытта құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді.
Сонымен қатар жобада азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар маңызды нормалар қарастырылған:
- азаматтың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күшіне жол берілмейді;
- «Миранда ережесінің» бекітілуі – әр азаматтың өз құқығын білуіне кепілдік береді;
- адвокатура мәртебесінің Конституциялық деңгейде танылуы – әділ сотқа қол жеткізудің маңызды шарты.
Біздің ұстанымымыз айқын: адам құқығы – мемлекеттің басты өлшемі. Егер жаңа Конституция осы қағидатты нақты іске асыру тетіктерімен бекітсе, бұл қоғамдағы сенімді арттырады.
Жаңа Конституция жобасындағы екінші маңызды бағыт – саяси басқару жүйесінің өзгеруі. Бір палаталы Парламент – Құрылтай құру ұсынылып отыр. Бұл заң шығару үдерісін ықшамдауға және жауапкершілікті нақтылауға бағытталған. Алайда саяси жүйедегі ең елеулі жаңалықтардың бірі – Қазақстанның Халық кеңесін құру бастамасы. Бұл органға заң шығару бастамасын көтеру құқығы берілмек.
«Ауыл» партиясы үшін бұл бастама ерекше мәнге ие. Өйткені ауыл мәселелері кейде күн тәртібінде қажетті деңгейде көрініс таппай жатады. Жер қатынастары, жайылым тапшылығы, аграрлық субсидиялардың әділ бөлінуі, ауыл мектептері мен медициналық қызмет сапасы – бұл тек өңірлік емес, ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселелер. Егер Халық кеңесі шынайы қоғамдық өкілдікке негізделсе, ол ауыл халқының даусын күшейтетін маңызды алаңға айналуы мүмкін. Бұл – билік пен халық арасындағы байланысты нығайтудың бір жолы.
Жаңа Конституция адами капиталды басты құндылық ретінде айқындайды. Бірақ адами капитал дегеніміз – ең алдымен ауылдағы еңбек адамының тірегі. Диқандар мен малшылар, ұстаздар мен дәрігерлер, шағын кәсіпкерлер – ел экономикасының арқауы. Егер ауыл әлсіресе, мемлекет те әлсірейді. Сондықтан кез келген конституциялық реформа ауыл мүддесін ескеруі тиіс. Әлеуметтік әділет, тең мүмкіндік, сапалы білім мен медицина, инфрақұрылымның дамуы – бұлардың бәрі Конституциялық қағидаттармен үндес болуы керек.
Таңдау сәтінде біз құндылықтарды таңдаймыз. «Ауыл» партиясы үшін жауап айқын: Конституция халықтың мүддесін қорғайтын, ауылдың дамуына серпін беретін, әділетті қоғамның негізін қалайтын құжат болуы тиіс.
Асхат Базилов,
«Ауыл» партиясы Жетісу облыстық филиалының
Саяси кеңес мүшесі





