Конституциялық реформаның түпкі мәні – құқықтық сабақтастықты сақтай отырып, қоғамның жаңа талаптарына жауап беретін орнықты әрі өміршең жүйе қалыптастыру. Тұрақтылық пен жаңару өзара үйлесім тапқанда, мемлекет дамуының берік құқықтық негізі қаланады.
Реформа – елдің жаңару жолындағы, әділдік пен құқық үстемдігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Өйткені адам құқықтары мен бостандықтары – Ата Заңның негізгі басымдығы. Осы бағыттағы өзгерістер қоғамдағы әділеттілікті нығайтып, халық пен билік арасындағы байланысты күшейтеді. Конституциялық реформаның өзегі де осы. Яғни, мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру. Сондай-ақ, ел дамуын адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен өлшеу. Осылайша білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға басымдық беріледі. Оң өзгерістер қоғамның дамуына жаңа серпін береді. Бастаманың ел болашағы үшін берері көп.
Айта кетерлігі, жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындау – қоғам дамуы үшін аса маңызды қадам. Құжатта халықаралық құқықтық нормалар ескеріліп, азаматтардың жеке, әлеуметтік және саяси құқықтарын қорғау кепілдіктері айтарлықтай күшейтілген. Сонымен қатар, Конституция жобасы әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарына негізделіп, отбасы құндылықтарын сақтау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Адам құқықтарына қатысты нормалардың айқынырақ белгіленуі – құқықтық мемлекеттің маңызды белгісі. Алайда бұл қағидаттардың қағаз жүзінде емес, іс жүзінде қалай жүзеге асатыны аса маңызды. Мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесі сақталғанымен, оның қоғамдық өмірде толыққанды қолданылуы әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, конституциялық реформа дайын шешім ғана емес, ортақ жауапкершілік. Конституцияның шынайы құндылығы оның мәтінінде емес, күнделікті өмірде қалай жұмыс істейтінімен өлшенеді.
Асхат БАЛТАБАЕВ,
Жетісу облысы жеке сот орындаушысы





