Жетісуда әйелдер мен қыздардың қаржылық, құқықтық сауаттылығы мен көшбасшылық қабілетін арттыруға бағытталған жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жобаның алғашқы нәтижесі Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен арнайы брифинг барысында жарияланды. Шараға жоба ұйымдастырушылары, сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жобаға облыстың аудандарынан келген 50-ден астам әйел арнайы дайындалған оқу бағдарламасынан өтті. Игі бастаманың басты мақсаты – қоғамдық және экономикалық үдерістерге белсене араласа алатын әйелдер қауымдастығын қалыптастыру.
Бұл туралы «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Ержан Дәулетбаев мәлімдеді.
«Бұл жоба – өңірдегі әйелдердің қаржылық орнықтылығын және құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деді ол.
Жоба аясында қатысушыларға арналған оқу бағдарламасы үш бағытты қамтыды:
- көшбасшылық қабілетті дамыту
- жеке қаржыны басқару
- құқықтық сауаттылық арттыру
Көшбасшылық бойынша дәрістерді облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева жүргізсе, жеке қаржы менеджменті бойынша бизнес-тренер Әсел Жарасқалиқызы сабақ өткізді. Ал құқықтық сауаттылық тақырыбындағы курсты Ержан Дәулетбаевтың өзі жүргізген.
Сабақ барысында қатысушылар бюджетті жоспарлау, интернет-алаяқтықтан қорғану, азаматтық және отбасылық құқық негіздері, тұтынушының құқығы және цифрлық қауіпсіздік жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
Оқыту аяқталған соң жүргізілген тестілеу нәтижесінде қатысушылардың:
- құқықтық білімі – 34%
- қаржылық сауаттылығы – 37%
- көшбасшылық дағдылары – 33% артқаны анықталды.
Орташа өсім 35 пайызды құрады. Сонымен қатар қатысушылардың 90 пайыздан астамы оқытудың практикалық маңызы жоғары екенін атап өтті.
Жоба Ескелді ауданында қоғамдық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар оқыту барысы мен материалдары әлеуметтік желілерде тұрақты жарияланып, әйелдер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Ұйымдастырушылар бұл бастаманың алдағы уақытта да жалғасып, кең көлемде өткізілетінін жеткізді. Олардың айтуынша, мұндай жобалар әйелдердің өзіне деген сенімін арттырып, қоғамдағы белсенділігін күшейтуге ықпал етеді.
«Жетісу-Ақпарат»





