Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтан қатардағы қызметкерлерді қорғаудың нақты тетіктерін сұрады. Депутат төмен жалақы мен ауыр жауапкершілік жастарды саладан бездіріп жатқанын алға тартса, агенттік басшысы жаңа құқықтық қорғау жүйесі туралы мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Alash.kz сайтына сілтеме жасап.
Депутат өз сауалында мемлекеттік қызметтегі жастардың әлеуметтік қорғалуы өте төмен екенін атап өтті:
«Мемлекеттік қызметкерлер, әсіресе қатардағы қызметкерлер ең құбыжық болып көрінетін, һәм қандай да бір артықшылығы жоқ, шарасыз күйде қалып отырған қызметкерлер. Шынын айту керек. Бірдеңе болса, бүкіл жауапкершілік соларда, қандай да бір артықшылығы жоқ. Айлығын тіпті айтпай-ақ қояйық… Қазір олардың айлығы 150-200 мыңның арасы ғана. Ал, артылған жүктеме деген жетеді. Бәрінде солар жүреді. Бір мейрамда артықшылықтары жоқ. Жастарға белгілі бір жұмыс өтілінде екінші мүмкіндік беретін қорғау тетігі бар ма? Айлығын өсіре алмайтынымыз анық! Шығынын азайтатын басымдық бере аламыз ба?»
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев бұл мәселеге қатысты мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен заңдық тұрғыдан қорғау жолдарын:
«Біріншіден, мемлекеттік қызмет — елге қызмет ету. Жеке бастың қамын ойламау керек. Сол себепті, мемлекеттік қызметке келетін әр адамда рухани және материалдық мотивациялық тұрғы бар. Осы екеуін тең ұстаса, мемлекеттік қызметкер өз басын алып жүре алады.
Екіншіден, біз заң мен тәртіпке бағынамыз. Құқық қорғау мәселесінде мемлекеттік орындардың жанынан құқық қорғау бөлімдері ашылады. Оны тікелей әдеп жөніндегі уәкіл басқарады. Осы заң бойынша өзгерістер еніп, қабылданған жағдайда әдеп жөніндегі уәкілдер тікелей агенттікке бағынатын болады. Сол кезде кез келген заңсыздықтың алдын аламыз. Мемлекеттік қызметкерлердің құқығын қорғаймыз», – деп түсіндірді.
Екі тараптың пікірінен мемлекеттік қызмет жүйесіндегі реформалардың қажеттілігі анық байқалады. Депутат әлеуметтік жеңілдіктер мен «екінші мүмкіндік» беруді ұсынса, агенттік басшысы әдеп жөніндегі уәкілдердің мәртебесін көтеру арқылы заңсыздықтың алдын алуды көздеп отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram





