Өңірлердің өсіп-өркендеуі мен әртүрлі бағыттағы даму барысын айқындайтын пресс-тур Сарқан ауданында жалғасты. «Jetіsý Media» ұйымдастырған шара арқылы келген журналистерге Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбеков өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін қысқаша баяндап, пресс-турдың бағдарламасымен таныстырды.
Әрмен қарай аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары нысандарды аралатып, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде іске асып жатқан жобаларды көрсетті. Бірінші кезекте «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағадарламасы арқылы Сарқан қаласындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жұмысын назарға ұсынды. Бұрындары көпқабатты үйлердің көбі қаңырап қалған. Кейінгі жылдары олардың барлығы орталық су мен жылыту жүйесіне қосылып, халық қайтадан көшіп келе бастаған. Қазіргі уақытта аулаларына тас жол төселіп, ойын алаңдары салынуда. Қала бойынша 9 көпқабатты үйдің аумағын абаттандыруға 210 миллион теңге бөлінген. Осы арқылы 53 адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 24 адам еңбек етуде.
Келесі кезекте журналистер мемлекеттің қолдауымен модернизациядан өткен майбұршақ зауытына барды. «Сарқан май» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы 140 миллион теңгеге инфрақұрылыммен жабдықталған. Тәулігіне 200 тоннаға дейін өнім өңдейтін зауыт май мен күнжараны (майлы дақылдардың қалдығы) отандық құс фабрикаларына жөнелтіп, көрші елдерге де экспорттайды. Зауыт директорының орынбасары Эдуард Толстов келешекте шаруалармен өзара әріптестік байланысты жетілдіріп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырғанын айтты.
Аудандағы дәрілік шөп өңдейтін «Азия Голд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өнімдерін экспортқа шығару бойынша үлкен жобаны қолға алған. 442,7 миллион теңгеге Қарғалы ауылында кәсіпорын ашып, 35 адамды тұрақты жұмыс қамтымақ. «Азия Голд» ЖШС жетекшісі Алексей Коржиков сол арқылы кепкен түймедақ шөбін 75 тоннадан 200 тоннаға дейін ұлғайту туралы жоспарымен бөлісті. Түймедақтан бөлек, жалбыз, валерьян өңдеуді жолға қойған олар өнімдерін Германия, АҚШ, Ресей, Польша секілді елдерге жөнелтуде.
Пресс-тур барысында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021» бағдарламасы бойынша несие алған «Ералы» жарнама агенттігіне бас сұқтық. Агенттік 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. 6 миллион теңгеге 3 құрылығы сатып алып, әртүрлі тапсырыс қабылдауда. Сарқан ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға да кәсіппен айналысуға мүкіндік мол. «Еңбек» бағдарламасы аясында мемлекеттік грант ұтып алып, 550 мың теңгеге дәнекерлеу цехын ашқан үшінші топ мүгедегі Берікқали Асқарғали да жемісті еңбек етуде.
Журналистерге сұхбат берген Сарқан ауданының әкімі Талған Қайнарбеков атқарылып жатқан жүйелі жұмыстары тыныстырып, өңірді дамытудың жоспарымен бөлісті.
— Сарқан ауданын дамытудың үш жылдық жоспарын әзірлеп жатырмыз. Сол арқылы 4 бағытта жұмыс істейміз. Біріншісі – агрокешенді дамыту, екіншісі – шағын және орта бизнес пен туризмді өркендету, үшіншісі – тұрғын үй мен коммуналдық инфрақұрылымды қалына келтіру болса, төртінші бағыт – әлеуметтік сала. Біздің ауданда туризмді дамытудың әлеуеті жоғары. Қазіргі таңда Балқаш көлінің жағажайына арналған жоба жасалып жатыр. «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірігіп, тау туризмін дамуты қолға алдық. Жол салу, қонақүй тұрғызу, инфрақұрылымды дамытуға көп көңіл бөлінуде, – деген Талғат Қанатұлы барлық сала бойынша инвестиция тарту жолға қойылғанын айтты.
«Басқан пауер» ЖШС қуаттылығы 4,2 МВт және 4,8 МВт болатын су электр станцияларының құрылыс жобасын іске асыруда. Жобаны іске асыру үшін жеке қаржы есебінен 11 миллиард теңге көлемінде қаражат тарту және 15 тұрақты жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сонымен қатар, «Абай 2» ЖШС қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясының құрылысын бастамақ. Жобаның инвестициялық көлемі — 19 миллиард 400 миллион теңге.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі Алмалы ауылдық округінде орналасқан «Ерғалиев С» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңымен танысты. Онда 70 бас ірі қара байланып тұр. Жалпы алғанда, 350 ірі қара бар. Шаруа қожалығының жетекшісі Қайрат Ерғалиев 2021–2022 жылдары сауынды сиыр зауыты мен мал сою алаңын ашу туралы жоспарын айтып берді. Сарқан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшы Жандос Өмірсадықтың мәліметінше, аудан бойынша 11 мал бордақылау алаңы бар. Жоспарға сәйкес, 3000 мың басқа дейін жеткізу көзделген, қазір екі мыңға жуық мал бордақыланды. 2022 жылы «Jetisy Beef» ЖШС 10 000 бастан тұратын 3 мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр.
Пресс-турға қатысушылар демеушілердің, ауыл тұрғындарының көмегімен салынып жатқан Бақалы ауылдық округіне қарасты Кәкімжан Қазыбаев және Тасқұдық ауылдарындағы бастауыш мектебін көрді. Бастаманы ауыл ақсақалдары көтеріп, тұрғындар бір ауыздан қолдап, құрылыс жұмысына өздері кіріскен. Дәл осындай Көкөзек ауылында да қоғамдық қор қаржысынан фельдшерлік пункт құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы Қарабөгет ауылдық Мәдениет үйін қайта жаңғыртуға 264 млиллион 931 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Бағалы – Алакөл» ЖШС жүргізіп жатыр. Құрылыс аяқталған соң штат бірліктері бөлініп, 11 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Тасын түртсең, тарихы шыр шертетін қазақ даласы әлем өркениетінің түп қазығы іспеттес. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі қалалардың бірі – Қойлық сауда-саттықтың ғана емес, мәдениеттің де ошағы болғаны анық. Дәл осы секілді тарихи жәдігерлерге бай Сарқан ауданы Сиверс алмасының отаны ретінде де әйгілі.
Мәулен ӘНЕРБАЙ
Фото — Жұмабай МҰСАБЕКОВ
Сарқан ауданы
Алматы облысы





