Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – мемлекеттің басым саясатының бірі. Елдің жайы қайтсе түзелмек? Әрине, қолжетімді медициналық қызмет, сапалы білім беру, азық-түлік бағасының тұрақтылығы сынды әлеуметтік дүниелерді тізбектей беруге болады. Сонымен қатар, қолайлы орта да адамның сапалы өмір сүруінде маңызды рөлге ие. Қазір Жетісу өңірінде ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсарту бағытында ауыз толтырып айтар тірлік бар. Қазақтың қара шаңырағындағы ағайынның қаладан кем өмір сүрмесі үшін білек сыбанып атқарар шаруалар еңсерілуде. Айтқан сөзге мысал болсын, Көксу ауданы, Мұқыры ауылында жуық арада асфальтсыз көше қалмайды. Жаңсақ естіген жоқсыз.
Ауыл десе талайдың көзіне шаңы бұрқыраған көше, сол көшеде шыбықты ат қылып мініп қиқулаған бала елестейтін бұрын. Қазір самокат пен ролик тепкен бала жүреді мұнда. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қуаныш Жұматтың айтуынша, мердігер жөндеу жұмыстарын уақытынан бұрын аяқтамақ.
Жалпы, Мұқыры ауылында биыл 5 көше орташа жөндеуден өтуде. Сол көшелерді асфальттауға бюджет қаоржынынан 96 млн. теңгеге жуық қаржы қаралған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстарды «Талдықорған – Сервис» ЖШС жүзеге асыруда. Серіктестіктің Мұқырыдағы көшелерді жаңғыртуға 12 техникасы мен 14 жұмысшысы жұмылдырылған. Қазір ауылдағы 4 көшені орташа жөндеу аяқталып, бірер күнде Жамбыл Жабаев көшесінде де асфальттау жұмысы аяқталмақ.
– Кеңес үкіметі тұсында салынған жол жарамсыз күйде еді. Көлікпен жүру былай тұрсын, жаяу жүргінші көшедегі шұңқырларға сүрініп жүретін. Қазір біз тұратын Жамбыл Жабаев көшесі жаңғырып жатыр. Жергілікті биліктің бұл қамқорлығына қалай разы болмассың, – дейді ауыл тұрғыны Жасұлан Әбдірайымов.
Биыл Көксу ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқынды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қуаныш Жұматтың сөзіне сенсек, биыл жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын 47 көшені қайта жаңғырту жоспарланған. Ол үшін бюджеттен 700 млн. теңгеге жуық қаржы қаралыпты. Қазіргі уақытта 35 көше толықтай жөндеуден өткен. Қалғаны мерзімді уақытында аяқталады деп күтілуде.
Дастанбек САДЫҚ
Фото: Дмитрий Ерофеев





