Алматы облысының құтқарушылары қар құрсауынан жеті адамды құтқарды. Бұл туралы Алматы облысының төтенше жағдай департаменті хабарлады.
Осы жылдың 6 желтоқсанында сағат 19.37-де кезекшілік байланыс пультіне Алакөл ауданында, «Көктұма» станциясы мен 16-разъезд арасындағы «Үшарал-Достық» автожолында қар құрсауында екі автокөлік тұрып қалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Екі автокөліктің әр салонында екі ер адамнан болған. Қатты боранның салдарынан жолды қар басып, көліктер қозғалысты жалғастыра алмаған.
Сағат 21.09-да Ақши ауылындағы жедел-құтқару жасағы қызметкерлерінің күшімен аталған автокөліктер жолдың тазартылған жүріс бөлігіне сүйреп шығарылды және олар әрі қарай өз жүрісімен қозғалыстарын жалғастырды.
Сағат 13.14-те «Үшарал-Достық» автожолының 45-ші шақырымында Жалаңашкөл учаскесінде «DAF» маркалы жүк көлігі қар құрсауында қалып қойды. Сағат 22.22-де Достық стансысындағы төтенше жағдай қызметкерлері аталған автокөліктен 2 адамды эвакуациялап, Достық станциясына жеткізді.
Сағат 22.22-де Қапал автожолының 35-нші шақырымында (Ескелді ауданы) жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды. Салонда жалғыз жүргізуші ғана болды. Талдықорған қаласының құтқарушылары шақырту орнына келген бойда аталған автокөлікте бензин таусылғанын анықтады. Сағат 23.58-де құтқарушылар жүргізушіні Талдықорған қаласына эвакуациялады.
Құтқарылғандардың барлығы медициналық көмекке мұқтаж емес.
Қысқы кезеңде жолдарда төтенше жағдайды болдырмау үшін Алматы облысының төтенше жағдай департаменті ауа райының өзгеруін, метеорологиялық мәліметтерді қадағалауды, 112 қызметінің СМС хабарламаларын ескеруді және автожолдарда автокөлік қозғалысына шектеу енгізу кезінде жолға шықпауды сұрайды.
Қысқы сапарға шықпас бұрын машинаны жанармаймен қамтамасыз ету керек. Егер қозғалу мүмкіндігі болмаса және көмексіз шығуға болмайтынын түсінсеңіз, үрейленбеңіз, дереу жедел қызмет телефондарына қоңырау шалыңыз — «112», «101», «102». Сіздің координаттарыңызды, айналаңызда болып жатқан оқиғалар туралы ақпаратты, отын қорын және тағы басқаларды беріңіз. Көмек міндетті түрде келеді.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





