Асыл тұқымды қой шаруашылығын өркендету – еліміздің агро-өнеркәсіптік кешенін дамытудағы басым бағыттардың бірі. Бұл сала ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуетін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық ет өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға тікелей ықпал етеді. Әсіресе, жоғары өнімді асыл тұқымды мал өсіру арқылы ет сапасын жақсарту, өндіріс тиімділігін арттыру және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту бүгінгі күннің өзекті міндетіне айналып отыр.
Алакөл ауданы Қабанбай ауылдық округінің Жамбыл ауылында орналасқан «Pana Industries» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірістік және инфрақұрылымдық әлеуеті қалыптасқан шаруашылық. Қалмақ тұқымды ірі қара мал өсіру арқылы жинақталған тәжірибе, жемшөп дайындау жүйесі мен ветеринариялық бақылау тетіктері серіктестіктің өндірісті тұрақты жүргізе алатынын көрсетеді.
Қазіргі таңда шаруашылықта бағылатын қалмақ сиыры жергілікті табиғи-климаттық жағдайға жақсы бейімделуімен, төзімділігімен және ет өнімділігінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Бүгінде өндіріс алаңында 500-ден астам ірі қара мал бар. Бұл көрсеткіш серіктестіктің мал өсіру ісін кең көлемде ұйымдастыруға дайын екенін аңғартады.
Қалмақ тұқымды ірі қараны бағып-қағу барысында қалыптасқан инфрақұрылым, жемшөп базасы мен ветеринариялық бақылау жүйесі қой шаруашылығы жобасын іске асыруды тиімді пайдаланбақ. Алдағы уақытта «Pana Industries» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытып, жоғары сапалы ет өнімдерін ішкі әрі сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған ауқымды жобаны қолға алмақ. Жобаның жалпы құны 945 млн. теңге, оның ішінде қарыз қаражаты 850 млн. теңге.
Серіктестік директоры Думан Нағашыбекұлының айтуынша, қой шаруашылығын дамыту – шаруашылықтың ұзақмерзімді стратегиялық бағытының бірі.
– Қой шаруашылығы біздің өңірдің табиғи жағдайына өте қолайлы. Асыл тұқымды қой өсіру арқылы біз тек өндіріс көлемін арттыруды ғана емес, өнім сапасын жақсартуды және шаруашылықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Бұл – ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары, ал өңір үшін қосымша экономикалық мүмкіндік. Біз бүгінде ірі қара мал өсіруді жолға қойдық. Енді осы тәжірибені қой шаруашылығына енгізіп, заманауи тәсілдер арқылы тиімді әрі табысты өндіріс қалыптастырғымыз келеді. Негізгі мақсат – сапалы отандық өнім өндіру және экспорттық әлеуетті арттыру, – деп атап өтті серіктестік басшысы.
Жобаны орналастыру серіктестіктің қолданыстағы мал шаруашылығы базасында жоспарланған. Қора-жайлар, қоймалар және қызметтік-қосалқы нысандардың болуы бастапқы кезеңдегі капиталдық шығындарды азайтып, жобаны қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді. Нысандардың жалпы алаңы 800 шаршы метрден асады, бұл қой ұстау, бордақылау, жемшөп сақтау және қызметкерлерге арналған аймақтарды ұйымдастыруға жеткілікті.
Серіктестіктің қолданыстағы қора-жайлары, қоймалары, қызметтік-қосалқы нысандары, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасы жобаларды бастапқы кезеңде қосымша ірі шығынсыз іске асыруға жағдай жасайды. Жер ресурстары мен жемшөп базасының жеткіліктілігі өндірістің маусымдық тәуекелдерін төмендетіп, шығындарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, басқару құрылымының айқындығы мен қаржылық тәртіптің сақталуы серіктестіктің жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін айғақтайды.
Шаруашылық нысанында алдағы уақытта салынатын қой қорасының жобасымен де таныстық. Бұл нысан – тек жаңа құрылыс емес, шаруашылықтың дамуға деген нақты қадамын, қой шаруашылығын өркендетуге бағытталған ниетін айқын көрсететін бастама. Жоспарланған жоба өндірісті кеңейтіп қана қоймай, ауыл өміріне де жаңа серпін бермек.
– Жобада интенсивті бордақылау тәсілін қолдану, рационды теңгеру және ветеринариялық бақылауды тұрақты жүргізу көзделген. Бұл малдың өнімділігін арттырып, өндірістік циклды қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, санитариялық-гигиеналық нормалардың сақталуы мен биологиялық қалдықтарды басқару талаптары жобаның экспорттық бағытқа шығуы үшін маңызды шарттардың бірі, – дейді шаруашылық басшысы.
Шаруашылық ішкі нарықпен қатар экспорттық бағытты дамытуға басымдық беріп отыр. Дегенмен, жемшөп бағасының маусымдық өсуі, ветеринариялық қауіптер, өнім бағасының құбылуы және экспорттық рәсімдердің күрделілігі белгілі бір қиындықтар туындатуы мүмкін.
Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, «Pana Industries» ЖШС қолданыстағы инфрақұрылым, жер және техника ресурстары жобаны бастапқы кезеңде жедел іске қосуға жағдай жасаса, экспортқа бағдарлану мен заманауи технологиялық тәсілдер оның ұзақмерзімді тиімділігіне берік негіз қалайды.
Қажет АНДАС
Жамбыл ауылы,
Алакөл ауданы





