Жетісу өңіріндегі туризм саласы жаңа деңгейге көтеріліп, ел назарын өзіне аударуда. Осы орайда Алакөл көлінің жағалауында ауқымды халықаралық «Алакөл толқыны – 2026» фестивалі ұйымдастырылды. Мерекелік шара 5000-нан астам қонақты жинап, еліміздің туристік әлеуетін паш етті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жазғы маусымның ең жарқын оқиғаларының біріне айналған бұл шара Қазақстанның туристік оқиғалар күнтізбесіне енген. Фестивальге отандық демалушылармен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Беларусь пен Ресей елдерінен келген шетелдік туристер қатысты. Ұйымдастырушылар келушілер үшін арнайы интерактивті алаңдар дайындап, түрлі театрландырылған көріністер ұсынды. Жағалаудағы ерекше атмосфера барлық қатысушыға ұмытылмас әсер сыйлады.
Басты сахнада танымал эстрада жұлдыздары Әсел Мекебаева, TURAR және AYREE өнер көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Күннің батуымен басталган кеш жағалаудағы жастардың басын қосқан DJ-party шарасына ұласты. Мерекелік бағдарлама соңы көздің жауын алатын әсем фейерверкпен аяқталды. Мұндай іс-шаралар Жетісу өңірінің туристік мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, өңірге инвестиция тартуға да оң ықпал етеді.
Алакөл өңірі жыл сайын мыңдаған саяхатшыны қабылдайтын басты демалыс аймақтарының қатарына кіреді. Жергілікті билік мен кәсіпкерлер сервисті жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Әрбір турист табиғат аясында демалып қана қоймай, қазақстандық қонақжайлылықтың куәсі болады. Алдағы уақытта осындай ауқымды фестивалдер туризм саласының қарқынды дамуына жол ашып, ел экономикасына үлес қосады.





