Ата кәсіпті арқау етіп, малдың бабын тапқан жанның ырысы ортаймақ емес. Әсіресе, төрт түліктің өрісін кеңейтіп, тұқымын түлетуге ден қойған шаруаның еңбегі ел берекесін еселей түспек. Осы орайда Алакөл ауданында мал шаруашылығын өркендетуге бағытталған тың жоба қолға алынды.
Нақтырақ айтқанда, Қабанбай ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылында «Pana Industries» – Нағашыбек шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсіру ісіне айрықша мән беріп отыр. Шаруашылықтың ұстанған негізгі бағыты да осы. Қазір қожалық қорасында 600 бас ірі қара мен 1258 бас қой өрісін кеңейтіп, өркен жайып келеді.
Жақында шаруашылықтың мал басын асылдандыру мақсатында Австриядан әуе көлігі арқылы 1000 бас дорпер тұқымды қой мен 20 қошқар жеткізілді. Шетелден әкелінген бұл түлік алдағы уақытта жергілікті қой шаруашылығының сапалық құрамын жақсартуға септігін тигізбек. Алдағы меже де ауқымды. Шаруашылық иелері асыл тұқымды қой санын 5 мың басқа дейін жеткізуді көздеп отыр.
Жалпы, дорпер қойы етті бағыттағы тұқымдардың қатарына жатады. Сондықтан оның жергілікті шаруашылыққа жерсінуі мен өсімталдығын арттыру ауылдағы мал бағымының жаңа белеске көтерілуіне жол ашуы мүмкін. Мұндай бастама төрт түліктің санын түгендеумен шектелмей, сапасын жақсартуға да серпін береді.
Қазақ: «Мал баққанға бітеді» дейді. Бүгінде бабадан қалған осы кәсіпті заман талабына сай жаңғыртып, асыл тұқымды түлік өсіруге бет бұрған шаруашылықтардың еңбегі құптарлық. Алакөлдегі жаңа жоба да ауданның аграрлық әлеуетін арттырып, қой шаруашылығының өрісін кеңейтуге үлес қосады деген сенім бар.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





