Алакөл ауданындағы З. Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік концерт өтті. Жиын барысында өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер марапатталып, оларға арнайы сый-сияпаттар табысталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мерекелік шарада аудан әкімі Алмас Сапарғалиұлы Абдинов қазыналы қарияларды құттықтап, аға буынның маңдай тері мен қажырлы еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Сондай-ақ Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Алмат Тезекбайұлы Садиев пен аудан жастары атынан Ақерке Асқатқызы ізгі тілектерін білдірді. Концерт барысында Мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, Балалар шығармашылық орталығының талантты оқушылары күй тартып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
Ұйымдастырушылар Үшарал қаласының тұрғыны, 96 жастағы «Күміс алқа» иегері, «Еңбек Ері» медалімен марапатталған Шошаева Күлбағи мен Қабанбай ауылынан 85 жастағы еңбек ардагері Шакенова Биғайша Кенжебекқызының шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Өмір жолы өнегеге толы қариялармен жүздесіп, әңгімесін тыңдау жас ұрпақ үшін үлкен тағылым. Мұндай игі шаралар қоғамдағы өзара сыйластық пен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға септігін тигізеді.





