Алакөл ауданында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы ерекше сән-салтанатпен аталып өтілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Үшарал қаласындағы Д. Қонаев атындағы орталық алаңда өткен «Армысың, Әз-Наурыз» атты мерекелік шараға жергілікті тұрғындар мен қонақтар көп жиналды. Күн мен түн теңеліп, тіршілік бусанған шақта алакөлдіктер жыл басын жылы шыраймен қарсы алды.
Мерекелік жиында аудан әкімі Алмас Абдинов сөз сөйлеп, жұртшылықты ынтымақ пен бірліктің мейрамымен құттықтады. Ол өз сөзінде Наурыздың қазақ халқы үшін маңызын атап өтіп, әр шаңыраққа құт-береке, молшылық пен амандық тіледі. Алаңда бой көтерген ақ шаңқан киіз үйлерде ұлттық тағамдар әзірленіп, жеке кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдары келушілерге Наурыз көже мен бауырсақ ұсынды.
Мерекенің көркін білім беру мекемелері дайындаған театрландырылған қойылымдар қыздыра түсті. Оқушылар мен ұстаздар қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетіп, көне ғұрыптарды халық назарына паш етті. Салтанатты шара З. Қойшыбаева атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен ұласты. Алакөл төріндегі бұл думан елдің іргесі сөгілмес бірлігін тағы бір мәрте айқындап, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.





