Алматы қаласында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен елімізде алғаш рет І Жас зерттеушілер форумы өтті.
Бұл маңызды ғылыми шара Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген дарынды жастарды бір алаңда тоғыстырып, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына жаңа серпін берді. Форум аясында жас ғалымдар өз жобаларын қорғап, тәжірибе алмасып, ғылым жолындағы алғашқы қадамдарын жасады.
Жетісулық оқушылар ерекше жобаларымен танылды
Жетісу облысының атынан форумға қатысқан оқушылардың жобалары қазылар мен мамандардың оң бағасына ие болды:
-
Софья Скударнова — «Экобионова» түйіршікті тыңайтқышын өндіру жобасын сәтті қорғады. Бұл тыңайтқыш экологиялық қауіпсіз әрі ауыл шаруашылығында тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
-
Жанерке Ермұхамбет — пластик қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату тақырыбында өз ғылыми жұмысын ұсынып, қоғам үшін өзекті экологиялық мәселені шешуге бағытталған идеясымен ерекшеленді.
Форум – ғылымға алғашқы қадам
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл форум жас зерттеушілерге ғылымға қызығушылығын арттыру, идеяларымен бөлісу және ғылыми қауымдастықпен байланыс орнату мүмкіндігін сыйлады.
«Жас зерттеушілер форумы – тек ғылыми жарыс емес, бұл – шабыт алаңы, болашақ ғалымдарға арналған тәжірибе мектебі», – дейді форум қатысушылары.
Ғылымға құштар жастарымыздың болашағы жарқын болсын! Жетісулық жас ғалымдарға шығармашылық табыс пен жаңа ғылыми биіктер тілейміз.
”Жетісу-Ақпарат”





