Облыстық төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Қанат Алтынбековтың айтуынша, өткен алты айда 4 орман өрті және 70 дала өрті орын алған. Материалдық шығын көлемі 2 млн. теңге. Өткен жылғы жағдаймен салыстырғанда көрсеткіш төмендеген. Дегенмен, өрт болған жер көлемі 1257 гектарды құраған. Былтыр жалын 1157 гектарды шарпыған еді. Сала жетекшісі шілдеде аса сақ болу керегін алға тартты.
– Жердің тынысы саналатын орманды аймақтарда өрт орын алмас үшін әрбір тұрғын мұқият болуы тиіс. Әсіресе, табиғат аясына демалысқа шыққанда от көздеріне мұқият болуы тиіс. Әдетте өртке себеп – өшпеген от, шылым тұқылы. Ал күн қызған сәтте шөлмек пен әйнек те құрғаған шөпті тұтатуға қауқарлы. Табиғи өрттер мен жану қаупін болдырмау және азайту мақсатында ТЖ департаменті мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп алдын алу шараларының кешенін жүргізуде, – деді Қанат Алтынбеков.
Жетісу облысында орман қорының жалпы аумағы 1,5 млн. гектардан асады. Осы табиғат байлығын өңірде 7 орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі, оған қарасты 19 орманшылық және 7 орман өртін сөндіру стансысы қорғайды. Осы міндет осы құрылымдардағы 298 адамның мойнына жүктелген. Бұл жайында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрболат Ноғайбеков сөз етті.
– Үстіміздегі жылы өрт қаупі бар маусым басталғалы бері орман шаруашылығы мекемелерінде күнделікті кезекшілік ұйымдастырылған. Кезекшілер белгіленген уақыт бойынша күніне 2 рет басқармаға хабар береді, ал басқарманың кезекшісі облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына хабарласады. Орманда, орман-дала өрттерінің алдын алу, сөндіру мақсатында және орман заңдылықтарын бұзушылықтардың алдын алу жөнінде орман мекемелері бойынша 25 шақырым минералдық жолақтар жаңадан жасалды, – деді инспекция өкілі.
Жаз басталса қауіптің көбейетін әдеті. Әсіресе, суға шомылу маусымында төтеншеліктер бір тынбайды. Төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Игорь Жуков Астана күні қарсаңында құрылым қызметкерлері қауырт жұмыс жүргізгенін, соған қарамастан 4 кісі суға кеткенін мәлім етті. Бір жағдай адам суға шомылу кезінде орын алса, бір бала шатыр ішінде тыныстап жатқанда жел болып, шатырды көтеріп суға жеткізген. Бала осылайша оқыста кеткен. Тағы бір оқиғаға алкогольді сусын себепкер болған. И. Жуковтың сөзінше, демалыс уақытын жағалауда өткізуді жоспарлағандарға спирттік ішімдікті тұтынып, суға түсуге болмайды.
Жиын соңында сала мамандары өңір тұрғындарын қай кезде де сақ болуға шақырды. Құзыретті құрылымдардың ескертулері ескерусіз қалмаса деген тілегін де жеткізді.
Дастанбек САДЫҚ
Сурет ғаламтордан алынды





