Жетісу облысының орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 6 және одан да көп баланы дүниеге әкелген 28 анаға арнайы алқа табысталды. Олардың 17-сі – «Алтын», 11-і – «Күміс» алқа иегері атанды.
Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайы ғимаратында өткен басқосуда сөз алған қала әкімі Ернат Бәзіл батыр аналарды жүрекжарды қуанышымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Қоғамда отбасы құндылықтары маңызды рөл атқарады. Жанұяда ата-анасынан тағылымды тәрбие алып өскен бала ертеңгі күні мемлекеттің дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз. Сол болашақтың негізін қалап отырған – сіздердей аяулы аналар. Осы орайда менің сіздерге айтарым: шаңырақтарыңыздан бақ-береке кетпей, өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз үкілі үміттеріңізді ақтасын, – деді шаһар басшысы Ернат Дүйсенбекұлы.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде халқының саны 200 мыңнан асатын Талдықорған қаласында 6 мыңға жуық көпбалалы ана тұрады. Ал бұл жолғы сый-құрметке бөленгендердің қатарында ұзақ жылдар бойы ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан, елге үлгі болып жүрген аналар да бар. Сөз соңында олар көрсетіліп жатқан сый-құрметке өз ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
Айдын КӘЛІМХАН






