Биыл – Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл. Осынау жылдар аралығында халық қалаулылары елдің мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік мәселелерді шешуге біркісідей атсалысты. Мерейтойға орай «Нұр шапағат құрылыс» ЖШС бас директоры, Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, облыстық мәслихат депутаты Қайрат Кереевпен жолығып, тілдесіп қайттық.
– Мәслихаттың өкілеттілігі жайында айтып өтсеңіз? Тұрақты комиссиялардың жұмысы қай бағытта құрылған?
– Әрбір аймақтың өзіндік ерекшеліктері, түрлі мәселелері бар. Оның бәрін орталық органдағылар біле бермейді. Ал әлгі ерекшеліктер мен түйткілдер жергілікті өкілді органдарға белгілі. Бұл көп жағдайда жергілікті мәселелерді шешу барысында мәслихаттардың үніне көбірек құлақ асу қажеттігін айғақтайды. Мәслихаттардың мейлінше тәуелсіз болғаны абзал. Тәуелсіз мәслихат әкімдердің жұмысына шынайы бақылау жасай алады. Мәслихат беделінің жоғары болуы жергілікті өзін-өзі басқару қағидаларына, халық- аралық құжаттар талабына әбден сәйкес келеді. Мәслихат депутаттары халықтың мұң-мұқтажын қорғап, олардың қалауы мен ықтиярын білдіреді, берген аманатын орындайды. Сонымен бірге, жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілеп, оның орындалу барысын бақылайды. Депутаттық корпус көп партиялы болғанымен депутаттардың мақсаты бір – ол мықты экономика, құқықтық мемлекет, дамыған азаматтық қоғамды қолдау. Өкілеттілікті сессия арқылы жүзеге асырады. Сессияның барлығы ашық түрде өтеді. Мәслихат өзінің өкілетін сессияда, өзінің тұрақты комиссиясы, мәслихат сессиясының төрағасы, мәслихат хатшысы арқылы жүзеге асырады. Тұрақты комиссия құрамында 6 депутат бар. Күні бүгінге дейін тұрақты комиссияның 7 отырысы өткізілді. Онда 12 негізгі мәселе көтерілді. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының мәселесі қаралды. «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы, «Жұмыспен қамту 2020-2025 жол картасы» бойынша нысандар салу, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы, облыстағы елді мекендер мен қалаларды газдандыру, халықты газ желісіне қосуда қымбатшылыққа жол бермеу сынды бірқатар мәселе қозғалды. Комиссия мүшелері аталған тақырыптарға қатысты жауапты сала мамандарына 21 ұсыныс білдірді. Нәтижесінде облыс орталығындағы 3-бөлімшенің Көкбастау көшесінде орналасқан 9 үйге су құбыры желілерін тарту мәселесі оң шешімін тапты. «Жастар 1/1» тұрғын ауданы бойынша су құбырын, канализация жүйелерін жүргізу мәселесі шешіліп, биыл жалпы ұзындығы 9,8 шақырымды құрайтын ауызсу, кәріз желісін орнату мемлекеттік сатып алу порталында конкурстық рәсімдер жүргізіліп, жауапты мердігер анықталып, жұмыс қолға алынды. Өтенай ауылдық округіне қарасты көшелерді асфальттау, Жалайыри даңғылына ыңғайлы шығу жолдарын жасау жұмыстары жүзеге асырылуда. Аталған жұмыстардың талапқа сай орындалуы үшін облыстық мәслихат төрағасымен, комиссия мүшелерімен бірлескен әлеуметтік нысандардың құрылысымен, күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, мониторинг тұрақты жүргізіледі. Кеткен кемшілік бойынша тиісті басқармаларға ұсыныстар берілді. Бұл көзге көрінбейтін жұмыс болуы мүмкін. Бірақ мұндағы біздің басты мақсат – мемлекет тарапынан бөлінген қаржының тиімді игерілуін әрі құрылыстың сапалы орындалуын қадағалау.
– Мәслихат қызметкерлерінің мойнына артылар жауапкершілік жүгі қашанда ауыр екені рас. Қазіргі таңдағы депутаттық құрам жайында не айтасыз?
– Қай салада болмасын жауапкершілік бірінші орында болғаны жөн. Сонда ғана әр салада жетістіктің болары анық. Жаңа құрам сенім үдесінен шығуға әзір. Барлық депутаттың белсенділігі жоғары, мәслихатқа келіп түскен әрбір мәселеге жіті қарап, жүйелі жұмысты атқаруда. Білімді де білікті депутаттар мұғалім, экономист, инженер, энергетик, технолог, дәрігер, ауылшаруашылық саласы бойынша жұмыс істейтін өз ісінің білікті мамандары. Облыстық мәслихаттың әрбір депутатының өзіндік ұстанымы, тұғыр-тұлғасы, мемлекетте және төңіректе болып жатқан құбылыстарға көзқарасы, болжамы мен пайымы бар. Депутаттар сайлаушыларды қабылдап, олармен кездесулер өткізіп, толғандыратын ортақ маңызды мәселелерді талқылап, ұсыныстар мен шағымдарды тиісті органдарға жолдап, уақытылы орындалуына бақылау жасауды назардан тыс қалдырмайды. Бұл – басты мақсат. Қазір мәслихат жұмысында халықпен бірлесіп атқаратын шаруалар ауқымы кеңеюде. Игілікті істердің жүзеге асуы арқасында депутаттардың да мәртебесі көтеріледі деген ойдамын. Депутаттардың белсенділігін, біліктілігін, ашықтығын, халыққа жақындығын анықтайтын – қарапайым халық. Сондықтан халық аманатын орындау жолында бар күш-жігерімізді сарп етіп, аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Өткен шақырылыммен салыстырғанда депутаттардың құрамы біршама жаңартылған. Талап бойынша депутаттар құрамы нәзік жандылармен, жалынды жастармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен толықты. Ең бастысы, әрбір депутаттың халықпен жұмыс істеуге деген ынтасы жоғары.
– Ашықтық, жариялылық, есеп беретін мемлекет қалыптастыруда мәслихат депутаттарының белсенділігі қандай? «Депутат – халық пен билік арасындағы алтын көпір» дейді. Халық пен билік арасындағы байланыс қай деңгейде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттырудың маңыздылығына тоқтала келіп, жергілікті атқарушы билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы керек екенін, бірақ «бұл аксиома әлі де бүгінгі күннің шындығына айналмай отырғанын» атап көрсетті. Қазір қоғам, заман, уақыт та өзгеруде. Әсіресе, әлеуметтік желінің қарыштап тұрған кезі. Қазір әрбір тұрғынның арыз-тілегі, өтініші аяқсыз қалмайды. Халықпен ашық алаңда пікірлесіп, сөзіне құлақ асуға барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару заңында депутаттар ел алдында жылына бір рет есеп береді делінген. Осы жұмысты да жүйелі атқарудамыз. Десек те, мәслихат депутаттарының қызметіне көңілі толмайтындар жеткілікті. Бірақ халық үніне құлақ асып, арыз-тілектері орындалғанда көпшілігі бұл пікірдің жаңсақ екенін айтып, алғыстарын жаудырады. Бұл бірінші адамгершіліктен аттамай, халықтың өтінішіне құлақ асуды білдіреді. Депутаттың негізгі қызметі – мәслихат сессияларына қатысу, өзі өкілі болған облыстың, қаланың, ауданның бюджетін бекітуге араласу, өзі сайланған аумақтың мәселелерін шешіп, тұрғындардың талап-тілектерін орындауға ұмтылу. Бюджет сессияда бекітілместен бұрын әуелі мәслихаттағы комиссия отырыстарында талқыланады. Мұнда әкімшіліктің сәйкесінше бөлімдері немесе басқармалары дайындаған, әкім құптаған жоба қаралады. Осы талқылауға қатысу арқылы депутат өз өкілетін жүзеге асырады. Мұнда бәрі ашық жүргізіледі. Біз халыққа да осыны айтамыз. Депутат ретінде құрылыс саласына қатысты мәселе көтерілсе, мен бірден жүйелі атқарылуына назар аударамын. Мәслихаттардың беделі, абыройы мәслихат қызметінің пәрменділігіне, әр депутаттың белсенділігіне, міндеттеріне деген жауапкершілігіне, қарапайым халықпен тығыз қарым-қатынасына тікелей байланысты. Біз халықпен барынша ашық әрі еркін сөйлесуді қолдаймыз.
Елге қызмет ету – парызым
– Елдің өркендеуі, дамуына бәріміз атсалысуыға тиіспіз. Жастар көзі ашық, көкірегі ояу, жан-жақты болса деймін. Білімге құштар жастарды біз ұлттық рухтан, тектен, ұлттық құндылықтан алыстатпауға тиіспіз. Еліміздегі әлеуметтік жағдай тең деп айта алмаймыз. Халық расымен де мемлекет қолдауына мәжбүр. Олар бізге өтініш айтқанда «Осы мәселе сізге аманат» деп айтады. Осы бір-ақ ауыз сөз мені мәселе шешуге алып барады. Аманатқа ешқашанда қиянат жасамайтын текті халықтың ұрпағымыз ғой. Мен үшін халықтың аманаты үлкен жүк. Аманатты арқалау зор жауапкершілік. Құрылыс дейміз, жол, газ уақытымен реттелер. Біз дәл қазіргі таңда жас ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Ұрпақ түзелмей, ел оңбайтынын ұмытпайық. Ұрпағымызбен мың жасаймыз десек, текті халықтың санын да, сапасын да арттырайық.
– Халыққа қандай уәде бердіңіз? Ол орындалды ма? Депутат ретінде қандай мәселелермен айналысудасыз?
– VIІ шақырылған қалалық мәслихаттың депутаты болдым. Өз еркіммен «Аманат» партиясынан ұсынылдым. Елімізде Қаңтар оқиғасы орын алған соң Президент Жарлығына байланысты қайта сайлау өтті. Облыстық деңгейде үлкен мәселелердің шешілуіне атсалысқым келгендіктен облыстық мәслихат сайлауына өз еркіммен қатыстым. Сайлауалды бағдарламамды даярлап, өзге де депутаттармен бәсекелесе отырып сынға түстім. Бір мандатпен сайланып, нәтижесінде халық үніне құлақ асып еңбек етіп келеміз. Бұл – Қаңтар оқиғасының нәтижесі деп толық айтуға негіз бар. Мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс мәселелері бойынша комиссия төрағасы болғандықтан облыстағы құрылыс саласына көп көңіл бөлемін. Біздің қала, аудан, ауылдарда жүргізілетін құрылысқа қарап қарнымыз ашатыны рас-ақ. Жалпы, қандай жұмыс болмасын барлығы да жүйелі жүргені жөн. Мәселен, біздің құрылыс саласында ең әуелі жол жөнделеді. Келер жылы су жүйесі орнатылады да, арғы жылы газ құбыры тартылады, болмаса кәріз жүйесі. Солай бірінші жылы салынған тақтайдай түзу жолдан тамтық та қалмайды. Бұл мемлекет қаржысы желге ұшты деген сөз. Сондықтан депутат ретінде мен құрылыс жұмыстарының дәл осындай жүйемен жүргізілгеніне қарсылық білдіремін. Құрылысқа қатысты өз ойымды ашық айтып, тіпті, облыс әкіміне де ұсыныс-тілегімді жеткіземін. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев әрбір депутаттың ұсынысымен келісіп, пікірімен санасып, біздің жан-жақты жұмыс істеуімізге қолдау білдіреді. Біздің мақсат – халықтың мұң-мұқтажын жоғары деңгейде орындау. Мәселен, Талдықорған – Жетісу облысының орталығы. Біз алақандай қаламызды гүлдендіру жолында аянбай еңбек етуге міндеттіміз. Қазіргі таңда қалада құрылыс нысандары көптеп салынуда. Бұл – үлкен еңбек. Бірақ сол құрылыс сапаға сай болса дейміз. Мәселен, 4, 5-шағынаудандарда балалар ойнайтын алаң жоқ. Балабақшадан келген балалар қайда барады? Күнде түрлі ойын-сауық орындарына апару ата-ананың қалтасына салмақ түсіреді. Сондықтан біз сол шағынаудандарға заман талабына сай ойын алаңдарын салуды қолға алдық. Сонымен қатар, Жастар-1, Жастар-2, Ынтымақ ауылдарында күн сайын халық саны артып келеді. Біз халыққа жағдай жасауымыз керек. Халықпен кездесуде түрлі мәселе көтеріледі. Тұрғындар тарапынан медициналық амбулаториялық пункттің салынуына ұсыныс түсті. Қала әкімі Әсет Масабаевтың тұсында амбулаториялық пункт құрылысының құжатын даярладық. Қазіргі таңда 2 қабатты нысан құрылысы басталды. Комиссия құрамындағы депутаттар тарапынан 29 сауал жолданды. Оның ішінде бюджеттік қаражатты қажет ететін 18 сауал болса, қаражатты қажет етпейтін 11 сауал бар. Ал 5 сауал оң шешімін тапты. Жұртшылық пен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы диалогты қамтамасыз етуде 21 қоғамдық қабылдау өтті. 42 адам қабылданып, нәтижесінде 13 депутаттық сауал жолданды. 25 мәселе оң шешімін тапты. Қалған 17 мәселе бойынша түсініктеме берілді. Халықтың өтініші орындалып, көпшілік разы болса, біздің жұмыс сонда ғана жемісті болады.
– Сіз үшін мәслихаттың 30 жылдығы несімен ерекше? Осы жылдар ішінде тәжірибе жинақталып, мәслихат маңызы зор үлкен саяси күшке айналғанын білеміз. Мерекеге орай әріптестеріңізге айтар тілегіңіз.
– Халық сенімі – үлкен жауапкершілік. Біздің жұмыс – халық үніне құлақ асып, көтерілген мәселенің мәнін шешу. Қазір халықтың жағдайы нашар деп айта алмаймыз. Бірақ қымбатшылық, жалақының төмендігі халыққа үлкен салмақ салуда. Қымбатшылық мәселесін талқылап, жоғары жаққа ұсыныс та білдірдік. Бірақ қанша қымбатшылық болса, әрбір адам адал еңбек етуге бейімделуі керек. Біз небәрі 30 жылдың ішінде жүздеген, мыңдаған мәселенің оң шешілуіне ықпал еттік. 30 жылдықтың ерекшелігін ашықтықпен, жариялықпен, демократиямен байланыстырып айтсам артық болмас. Еліміздің өркендеуі жолында адал еңбек етіп, ұрпағымыз үшін еліміздің болашағын жарқын етуге атсалысайық. Үлкендер жастарға үлгі болып, жалынды жастар оқуға, білімге ұмтылса деген тілек бар. Мерекеміз құтты, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілеймін.
– Сұхбатыңызға көп рахмет! Халық үніне құлақ асып істеген еңбектеріңіз берекелі болсын!
Әңгімелескен Еңлік КЕНЕБАЙ





