Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, тілшілер қауымының қойған сұрақтарына жауап берді. Екі сағатқа созылған баспасөз мәслихатында Жетісу жерінің жетістіктері таныстырылып, көрсеткіштерінің деңгейі сараланды. Брифингтің алғашқы бөлігінде Алматы облысында атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталған облыс әкімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің өзегі» атты Жолдауы аймақтың негізгі даму бағыттарын айқындап бергенін атап өтті.
Мемлекет басшысы ел экономикасындағы тұрақты өсімнің көрсеткіші ретінде инвестиция мен жаңа технологияларды көптеп әкелудің маңыздылығын ұдайы айтатынын тілге тиек еткен облыс әкімі Амандық Баталов Жетісу жерінде іскерлік белсенділікке баса назар аударылатынын, өңір орталығында әлемнің тоғыз елінен келген трансұлттық компаниялардың өкілдері мен белгілі бизнесмендер қатысқан инвестициялық форум өткізілгенін, онда құны 860 миллион доллар болатын 13 меморандумға қол қойылғанын, облыстың инвестициялық портфеліне құны 4,9 триллион теңге болатын 421 жоба түскендігін, сол арқылы 40 мың жұмыс орны құрылатынын, күллі республикаға трансұлттық компаниялар ұсынған 19 жобаның тоғызы Алматы облысына тиесілі екендігін айтып өтті.
Ондай жобалардың қатарында былтыр ашылған «WILO» және «Маревен Фуд» зауыттары бар. Екі зауыт 563 адамға тұрақты жұмыс тауып беріп отыр. Биыл жағармай өндіретін ресейлік «Лукойл» компаниясының қуаты 100 мың тонналық, 225 жұмыс орнын ашқан зауыты іске қосылды. Жыл соңына дейін Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвесторлар жылына 60 мың тонна құрама жем өндіретін зауытты іске қосады. Міне, осындай жобалардың арқасында облысқа 59 миллиард теңгенің инвестициясы әкелініп, 900 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, алдағы желтоқсан айында сингапурлық компанияның цемент өндіретін «АлаЦем» зауыты іске қосылмақшы. 360 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін зауыт өз өнімдерін Орталық Азия, Қытай, Моңғолия елдеріне шығарады.
Бұдан соң «Қорғас» шегара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған Амандық Ғаббасұлы өңірдің агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктерді таныстырып, ауылшаруашылығы өнімі бойынша облыстың республикада алдыңғы орынға шыққанын атап өтті. Атап айтқанда, биыл еңбек өнімділігін 4 процентке өсіріп, 2 миллион 150 мың теңгеге дейін, өңделген өнім экспортының көлемін 85 миллион долларға дейін жеткізу көзделген. Ауылшаруашылық дақылдарының аумағы 961 мың гектардан асып, қант қызылшасының көлемі 14 мың гектарға, жүгері алқабы 82 мың гектарға өскен.
Биыл қант қызылшасының әр гектарынан орта есеппен 405 центнер өнім алынса, жекелеген шаруашылықтарда бұл көрсеткіш 600-800 центнерге жеткен. Соған орай 525 мың тонна өнім алынып, 52 мың тонна қант өндіріледі. Мұндай жоғары көрсеткіш картоп өсіруде де байқалады. Биыл екінші рет отырғызылған элиталы картоп тұқымынан 17 мың тонна өнім алынды. Осыған орай элиталы картоп алқабын бес мың гектарға көбейту қолға алынуда.
Суармалы жерлердің ауқымын ұлғайту үшін облыста ирригациялық су жолдарын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. 2022 жылға дейін Ислам банкінің салымымен 35 мың гектар жер айналымға енгізіледі. Жалпы, 137,8 мың гектар егістік алқапты қалпына келтіру жоспары бар.
Мал, құс шаруашылығы, сүт өнімдері, шағын және орта кәсіпкерлік, туризм сынды салалардағы жетістіктерді таныстырған баяндамашы бұдан соң мемлекеттік «Бизнестің жол картасы», «Еңбек», «Нұрлы жол» бағдарламаларының орындалу барысын әңгімеледі. Жетісу жерінде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету ісінің жоғары қарқынмен жүріп жатқанына тоқталған Баталов облыста үйдің кезегінде тұрған 51 мың адамның 6039-ы көпбалалы отбасының мүшесі екендігін атап өтті. Биыл көп балалы отбасылардың 1447-ін баспанамен қамтамасыз ету меже етіп қойылған. Соның 1093-і қазір өз үйлеріне кіріп үлгерді. Одан бөлек, көпбалалы немесе аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін жергілікті бюджеттен 3,4 миллиард теңге бөлінгенін, бұл қаржы 58 мың баланың балабақшалар мен мектептерде тегін ас ішуіне, Талдықорғандағы 42 мың оқушы мен студенттің және 8 мың көпбалалы аналардың қоғамдық көлікте тегін жүруіне жұмсалғанын, аз қамтылған отбасыдан шыққан балалардың жоғары оқу орындарына түсуіне 100 грант бөлінгенін, 2277 отбасының табиғи газға тегін қосылып, 22,6 мың отбасыға газдің иісін анықтайтын құрылғы тегін орнатылғанын, бірде-бір отбасының назардан тыс қалмайтынын атап өткен Амандық Ғаббасұлы «Талдықорған-Өскемен», «Үшарал-Достық», «Күрті-Бурылбайтал», «Ұзынағаш-Отар» бағыттарындағы автокөлік жолдарының жөнделіп жатқанын нақты деректермен көрсетті.
– «Нұр Отан» партиясының XVIII-ші съезінде Елбасы: «Мемлекеттің негізгі міндеті – адамдар өздерін қамтамасыз ету үшін оларға жұмыс тауып беру», – деп атап өткен болатын. Биыл экономиканың барлық салаларында 45 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жоспардан 10%-ке артты. Олардың 29 мыңы тұрақты жұмыс орындары. 54 мыңнан астам жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жұмыспен қамту шараларына тартылды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,6 процентке дейін төмендеді, – деген Амандық Баталов басқа да салаларда шешімін күткен мәселелерге тоқталды. – Білім беру саласында біз үш ауысымды оқыту мәселесін шешуді жалғастырудамыз. «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында соңғы үш жылда 51 мектеп салынды. Биыл 18 мектептің құрылысы жүргізіліп, 5 мектеп жаңа оқу жылының басында тапсырылды. Алдағы қаңтар айында Қарасай ауданының Әйтей ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан 1200 орынды жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Алайда, бала туу көрсеткішінің өсуіне және халықтың көшіп келуіне байланысты мектептерде орын тапшылығы сақталуда. Соңғы бес жылда оқушылар саны 100 мың балаға артты. Соған орай бізде 38 үш ауысымды мектеп бар. Олардың мәселесін шешу үшін алдағы үш жылда тағы 32 мектеп салынады. Балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 98,4 процентке жетті, келесі жылы 100 процентке дейін жеткіземіз.
Облыс әкімінің баяндамасынан соң республикалық ақпарат құралдарының өкілдері сан тақырыпта сұрақтар қойды. Қойылған сауалдың бәрі жауапсыз қалмады. Төменде тікелей Жетісу өңірінің дамуына бағытталған сұрақ-жауаптардың кейбірін топтастырып беріп отырмыз:
Сұрақ: Құрметті Амандық Ғаббасұлы! Сіз жаңа баяндамаңызда еліміздегі ауылшаруашылығы өнімдерінің 17 пайызы Алматы облысына тиесілі екенін айттыңыз. Аймақта жеміс-жидек пен көкөніс базасын, оның ішінде, бау-бақша мен жүзім өсіруді дамытуға қаншалықты мүмкіндік бар?
— Елбасы мені облыс әкімі қызметіне тағайындаған күні-ақ аймақтың ауылшаруашылығын дамытуды ерекше тапсырған болатын. Еңбекшіқазақ ауданынан Талдықорған өңіріне дейінгі аралықта қыруар шаруа күтіп тұрды. Біз тұрғындармен кездесіп, аграрлық саланы қалай дамыту керектігін талқыладық. Алматының әйгілі апортын өсіру жұмыстарын қайта жандандыру керек болды. Апорт жоғалудың аз алдында тұрды. Бірақ қазір апорт өсіру ісі қайта жанданды. Мен оны толық сеніммен айта аламын. Бүгінде апорт алмасы 2 мың гектардан аса алқапта өсірілуде. Оның арғы тегі әйгілі Сиверс алмасы екенін білесіздер. Апорт тек 7 жылдан кейін ғана жеміс бере бастайды. Сондай-ақ, агротехнология жағынан күтіп-баптаудың талабы да көп. Біз апорт өсіруді қайтадан жолға қойдық. Жалпы алғанда, инвесторлар тарту арқылы 20 мың гектардан аса аумаққа интенсивті бақ отырғыздық. Бұл бастамамыз еуропалық бау-бақшадан еш кем түспейді.
Жақында біз осы бақты Үкімет басшысына көрсеттік. Ол бақтың аумағын тағы да кеңейту туралы тапсырма берді. Мен осында шығар алдында жетісулық кәсіпкермен кездестім. Ол Ресейдің және Біріккен Араб Әмірліктерінің кәсіпкерлері қоймасындағы алманың бәрін саудаласпастан жоғары бағада сатып алып кеткенін айтты. Біздің алмаға деген сұраныс, міне, осындай.
Сұрақ: Жетісу – жер жаннаты. Бұл өңірде Алакөл, Балқаш, Қайыңдыкөл тағы да басқа демалыс аймақтары жетерлік. Көпшілікке арналған демалыс орындарын дамыту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
— Жетісудың кереметін қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де мойындайды. Демалыс өңірлерінің дамуы жайлы Елбасы арнайы тапсырма берген. Бүгінгі таңда Алакөл жағалауында 200-ге тарта демалыс орны бар. Мәселен, көлге демалу үшін 2014 жылы 140 мың адам келсе, қазіргі көрсеткіш 1 млн. 300 мыңға жетті. Бұл дегеніңіз үлкен көрсеткіш. Ең әуелі біз Ақши ауылының инфрақұрылымын, яғни, жарық, жол мәселесін ретке келтірдік. Сол маңда күндізгі стационар бөлімшесі бой көтерді. Бүгінгі таңда Талдықорған – Өскемен тасжолының құрылысы қызу жүріп жатыр. Үшарал – Достық бағытындағы жолды «Қыран» фирмасы 70 пайызға орындады. Демалушылар үшін Алматы – Үшарал бағытында арнайы пойыз да жүріп тұр. Алғашында төрт вагонға сұраныс алған едік, көлге келушілердің саны артқандықтан 24 вагон халыққа сапалы қызмет көрсетті. Балқаш көлінің де сервистік дамуына баса назар аударып келеміз. Оған шет мемлекеттердегі демалушылардың көптеп келуі дәлел.
Сұрақ: Нан бағасы қымбаттап, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсті. Алматы облысында осы мәселе қаншалықты қадағалануда?
— Алматы облысында қалыпты нан бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Тұрақтандыру қорының қаражаты есебінен 6 мың тонна көлемінде бірінші сұрыпты бидай ұны сатып алынды. Осыған дейін нан бағасын тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар іске асты. «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ, аудан әкімдіктері мен наубайханалар арасында ұн жеткізу жөнінде агенттік келісім жасалды. Жақында «Жетісу» ӘКК мамандары жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесе наубайхана мен дүкендердің басшыларымен кездесіп, бағаны ұстап тұру жөніндегі шаралардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Нан бағасының тұрақты сақталуын біз жіті қадағалап отырмыз. Ұн нарықтағы бағадан төмен болғандықтан нан бағасы 85 теңге.
Сұрақ: Алматы облысындағы халықты ауызсумен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттен берілген қаражат толық игерілмей қалды деген ақпарат бар. Ауызсу мәселесі қашан шешімін табады?
— Мен бұл ақпаратпен келіспеймін. Өйткені, облыста жалпы сомасы 8 млрд. теңгеге 69 жоба іске асырылуда. Соның нәтижесінде орталықтандырылған сумен 675 елді мекен қамтылып, сумен жабдықтау деңгейі 91 пайызға жетті. Бұл – еліміздегі ең үздік көрсеткіш. Өткен жылы мемлекет тарапынан берілген қаржының арқасында ауызсу мәселесін 86 пайызға орындадық. Облыс әкімі болғандықтан мен әр істің есебін сұрап, нәтижесін тексеріп отырамын.
Сұрақ: Медицина саласына келер болсақ, ана мен сәби өлімінің көрсеткіші жайлы толық айтсаңыз. Жасырын орын алған келеңсіз оқиғалар бар ма?
— Өкінішке қарай, ана өлімі жоғары болып тұр. Жауапкершілікті мамандар бұл істің мән-жайын анықтап, қайғылы оқиғаның орын алмауын қадағалауда. Облыс орталығында балалар ауруханасының консультациялық-диагностикалық емханасы ашылды. Мұнда заманауи диагностикалық және зертханалық медициналық құрал-жабдықтар толығымен шоғырланған. Сәулелі және функционалды диагностика бөлімінің мамандары әлемнің алдыңғы қатарлы клиникаларында тәжірибе алмасқан. Диагностиканың барлық түрлерін жетік біледі. Бұрын ауыр жағдайда дүниеге келген шақалаққа медициналық көмек көрсету үшін Алматы қаласына алып баратын. Қазір облыс орталығында-ақ бар жұмысты нәтижемен аяқтауға болады.
Сұрақ: «Кеген – Нарынқол» тас жолының сапасы сын көтермей тұрғанын білесіз. Жол қашан жөнделеді?
— Жолдың сапасы көңіл көншітпейтіні рас. Біздің мақсат – қос ауданның халқына жақсы жағдай жасау. Сол үшін де жолға ағымды емес, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жөн деп шештік. «ҚазАвтоЖол» компаниясы Көлсайға бағытталған жолды жөндеді. Бұрындары жолдың нашарлығынан табиғат аясына демалушылар саны 7 мың болса, жол құрылысы аяқталған соң 90 мың адам керемет табиғат көрінісін тамашалаған. Міне, осы арқылы біз туризм саласын дамытамыз. Ол үшін бірінші жол жөндеуді жоспарға бекіттік. Құжаттары дайын. Алдағы уақытта нәтижесін көретін боласыздар.
Сұрақ: Нарықтағы азық-түлік бағасын қалай бақылайсыздар?
— Облыста қымбатшылық мәселесі орын алмайды. Біз әуелі халықтың жағдайымен санасамыз. Ал мерзімдік өнімдердің бағасы ауыспалы болатыны заңдылық. Десе де, біздің қызмет тобы азық-түлік бағасының тұрақты және қолжетімді болуын қадағалайды.
Сұрақ: Облыстағы үшауысымды мектеп, газдандыру жұмыстары жайлы кеңінен айта кетсеңіз. Сонымен қатар, Шамалған елді мекенінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты арнайы көпір салу жоспарда бар ма?
— «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында соңғы үш жылда 51 мектеп салынды. Үш ауысымда оқыту мәселесін шешу жалғасуда. Биыл барлығы 18 мектеп салынуда. Оның бесеуі пайдалануға берілді. Қаңтар айында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде Қарасай ауданы Әйтей ауылында 1200 орынды білім ошағының құрылысы аяқталады. Демография өсіміне және көші-қон есебінен халықтың көп келуіне байланысты мектептердегі бала саны артуда. Соңғы бес жылда оқушылар саны 100 мыңға ұлғайған. Сондықтан да облыс бойынша қазіргі уақытта 38 үшауысымды мектеп бар. Бұл проблеманы шешу үшін алдағы үш жылда 32 мектеп салынады. Балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 98,4 процентке жетті, келесі жылы 100 процентке дейін жеткіземіз. Ал табиғи газдың жеткізілуі Алматы облысы халқының өмір сүруін жаңа сапалы деңгейге көтерді. Қазіргі уақытта 12 аудан мен үш қалада үйлерді газбен жабдықтау желісіне қосу жұмыстары қарқынды жүруде. Жыл соңына қарай 800 мың халқы бар 144 елді мекен газдандырылады. «Талдықорған – Үшарал» және «Шелек – Кеген» магистральді газ құбырларын салу жоспарлануда, соның арқасында тағы 93 елді мекенді газбен қамтуға мүмкіндік туады. Ең бастысы халықтың көңілінен шықты.
Шамалғанда орын алған қайғылы жағдай бәрімізге ауыр тиді. Енді мұндай келеңсіз оқиға орын алмас үшін біз жерасты көпірін салуды ойластырып отырмыз. Біз үшін мемлекеттің қымбат әрі құнды байлығы болып саналатын халықтың амандығынан артық дүние жоқ. Аталған жұмыстар болашақтың еншісінде қалып қоймай, атқарылатын болады.
Сұрақ: Құрметті Амандық Ғаббасұлы, Талғар қаласында Балуан Шолақ көшесінде орналасқан «Соқырлар қоғамына» қарасты жатақханада жылу, жарық жоқ. Осыған не дейсіз? Кемшіліктердің орны толтырыла ма?
— Мен ол жерге 2002 жылы барғанмын. Ол кезде бәрі жақсы болған. Келер апта сіз айтқан кемшіліктерді өз көзіммен көріп, жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жасауға тырысамыз.
Сұрақ: Жуырда Жетісу жерінде әр елден жиналған кәсіпкерлердің басын қосқан ауқымды инвест-форум өтті. Онда талқыланған мәселелер мен болашақта атқарылатын жұмыстар жайлы айтып берсеңіз?
— Біз бірқатар маңызды мәселелердің түйінін шешіп, меморандумға қол қойдық. Мәселен, Франция өкілімен кездесіп, облысымызға қоқыс полигонын салу жайында сөйлестік. Облыстағы халықтың көп мөлшері Талғар ауданында тұрғандықтан сол өңірге тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін заманауи полигон саламыз. Кейін мұндай палигон Талдықорған қаласында да бой көтереді. Сонымен қатар, Панфилов ауданына үлкен құс фабрикасы салынады. Тіпті, кәсіпкерлер тауарды Қытайға өткізу мәселесін де сөйлесіп қойыпты. Тізе берсем, облысымызды дамытатын, көркейтетін келелі істер көп. Барлығын жүзеге асыруға тырысамыз. Бұл өңірімізде өткізген форумның арқасында атқарылатын іс.
Сұрақ: Суармалы жерлерді халыққа тиімді тәртіппен беру мәселесі жайында қандай қызметтер атқарылды?
— Облыста егінді жерлеріміздің жартысынан көбі суармалы. Бірақ көбісі пайдаланбайды. Сол үшін біз су қоймаларының барлығын тексеріп, жіті бақылауға алдық. Жыл сайын жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөліп тұрамыз деген шешім қабылдадық. Бүгінде Үкіметтен үлкен көмек берілуде. Атап айтсақ, Қызылағаш су қоймасы кезінде қиын жағдайда болған. Қазір қалпына келтіріп қойдық. Қоймаға су жиналуда. Бұйырса 7 мың гектар жер іске қосылады. Сонымен қатар, Ислам банкінің мұрындық болуымен суармалы жер жұмыстарына 34 миллард теңге тарттық. Соның арқасында 7 ауданда қарқынды жұмыс істеуде. Оның үш ауданы өз жұмысын аяқтады. Біз осы жылдың ішінде 34 мың гектар суармалы жерді іске қосамыз. Сондай-ақ, биыл Алматы облысында 525 мың тонна қант қызылшасы жиналып, одан 52 мың тонна қант өндіру жоспарлануда.
Сұрақ: Н.Тілендиев атындағы музыка мектебі тұрғындардың келісуінсіз жекеменшікке берілді деген рас па?
— Мектепті ешкім жекеменшікке берген жоқ. Әзірге басқармаға берілді. Бірақ, ол шешім әлі қабылданған да жоқ.
Сұрақ: Алматы облысында атом электр стансысы салына ма?
— Алғашында мұндай әңгіме болғаны рас. Бірақ атом электр стансысы салынбайды.
Сұрақ: «Алтын Орда» маңындағы жол құрылысы қашан аяқталады?
— Бұл жол облысқа емес, республикаға қарайды. Сондықтан, мен осы жолға жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының қызметкерлеріне үнемі ел күтіп отыр деп ескертемін. Әрине, жылдам аяқталуы үшін жиі барып талап етемін.
Баяндамасында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, оқушыларға жаңа технологияларды меңгерту, денсаулық сақтау саласындағы өркендеу, «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында тарихи оқиғаларды қайта жаңғырту, спорттық жетістіктерді молайту сынды аса маңызды бағыттардың жұмысын да назардан тыс қалдырмаған облыс әкімі Орталық коммуникация қызметіне жиналған журналистер қауымы қойған сұрақтарға жауап берді.
Мәди АЛЖАНБАЙ,
Айдар ҚАЛИЕВ,
Еңлік КЕНЕБАЕВА
Фото — Жұмабай МҰСАБЕКОВ
Нұр-Сұлтан қаласы





