ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Арасан» шекара бөлімшесінде мерзімді әскери қызметшілерге арналған тәрбиелік-психологиялық бағыттағы тренинг ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Іс-шараны аға лейтенант Т.Дауылбай «Әскери ұжымда өзара сенім мен қолдау мәдениеті» тақырыбында өткізді. Тренингтің негізгі мақсаты – әскери қызметшілер арасында өзара түсіністік пен бірлікті нығайту, қызметтік міндеттерді тиімді орындауға ықпал ететін жағымды моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру.
Тренинг барысында қатысушыларға әскери ұжымдағы қарым-қатынас мәдениетінің маңыздылығы, өзара сенім мен қолдаудың қызмет сапасына әсері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, әскери қызметшілер топтық және тәжірибелік тапсырмалар орындап, бір-бірімен тиімді байланыс орнату, қиын жағдайларда өзара қолдау көрсету дағдыларын пысықтады.
Іс-шара соңында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, тренингтің әскери ұжымдағы ынтымақтастықты арттыруға оң ықпал ететінін атап өтті.





