«Jetisý jastary» КММ-нің ұйымдастыруымен Д. Рақышев атындағы мектеп-интернат аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ардагерлерге тағзым» атты ағаш отырғызу шарасы өтті.
Бұл игілікті бастама тек сенбілік немесе абаттандыру жұмысы ғана емес, жас ұрпаққа батыр бабалардың ерлігін ұлықтау, табиғатқа жанашырлық сезімін арттыру және өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосуды мақсат етті.
– Әрбір отырғызылған ағаш – ардагерлердің рухына қойылған тірі ескерткіш. Уақыт өте келе тамыр жайып, көктей өсетін бұл жасыл желек елдің бейбіт өмірінің құнын ұғынуға үндейді, – дейді «Jetisý» jastary» КММ директорының орынбасары Арнай Рақымберліұлы.
Іс-шараға университет, колледж студенттері мен мектеп оқушылары және еріктілер қатысты. Олар бірлесе отырып мектеп ауласына жаңа көшеттер отырғызды.
– Бүгінгі шара жас ұрпаққа батыр бабаларының ерлігін үлгі ету, тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту, қоғамды экологиялық мәдениетке тәрбиелеу, жасыл мұра қалдыруды мақсат етеді. Осындай тарихи оқиғаға куә болғаныма қуаныштымын, – дейді І. Жансүгіров атындағы ЖУ-дің 3-курс студенті Айла Болат.
Қысқасы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы тұрғындардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға үлес қосып келеді. Талдықорғандағы бұл шара – тарихқа тағзым ете отырып, табиғатты аялаудың үлгісі болды.





