Қазан айының бірінші жұлдызы қарттар күні, ал, алғашқы жексенбісі білім саласы қызметкерлерінің кәсби мерекесі. Осыған байланысты Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылдық әкімдігі мен мәдениет үйі бірлікте «Қарттарым асыл қазынам», «Ұстаз – ұлы тұлға» атты арнайы іс-шара ұйымдастырып, ауыл ардагерлері мен ұстаздарына сый-құрмет көрсетті.
Ауылдық мәдениет үйінің ғимаратында өткен басқосуда сөз алған Өтенай ауылының әкімі Руслан Малтабаев алдымен ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелерді қарттар күнімен, сондай-ақ, ұрпақ тәбиелесіне бар ғұмырын арнаған ұстаздар қауымын кәсби мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Осы орайда Руслан Ырысбекұлы әрбір іске ағалық ақыл-кеңесін беріп, әлі де болса қоғамның орнықтылығын сақтаумен өскелең ұрпақты ізгілікке баулуда өз үлестерін қосып жүрген аға буын өкілдеріне айрықша алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Сөз соңында ауыл басшысы бірқатар үздік мұғалімдерді Алғыс хат және Құрмет грамоталарымен марапаттаса, ауылдық мәдениет үйінің директоры Алмас Тұрсынғалиұлы ардагерлерге бағалы сыйлықтар табыс етті. Мамандардың мәліметінше, бүгінде 15 мыңнан астам тұрғыны бар Өтенай ауылында 1500-ден астам зейнеткер тұрады. Олар өңірде өткен әр түрлі мәдени шараларға белсене қатысып, ұрпаққа үлгі боларлық салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптар мен адами асыл қасиеттерді кеңінен насихаттауда.
– «Халқымызда «Үстаз – ұлы тұлға», «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген даналық сөздер бар. Біз әрбір адам баласын білім нәрімен сусындатып, қанаттандырып ұшырған ұстаздар қауымына, бар ғұмырын елдің дамыуы мен өңірлердің өркендеуіне арнаған абыз аталарымызбен ақ жаулықты әжелерімізге қаншалықты құрмет көрсетсекте артық емес. Олардың өмірдегі орны мен еңбегі ерекше. Сондықтан да біз жалпы ұстаздар қауымына, ардагерлерге әрдайым зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз», –дейді ауылдық мәдениет үйінің директоры. Шара соңы өңір өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Айдын КӘЛІМХАН




