Ата Заң – мемлекеттің басты құжаты. Ол – ел тірегі, айбыны, тәуелсіздіктің тұғыры. Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің Конституциясына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Жаңа Конституцияға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер болашағымыздың жарқын болуы үшін қолға алынған дүние деп сенемін. Себебі, ұсынылып отырған конституциялық реформалар ел дамуына жаңа серпін беріп, қоғамның сұранысына сай жүйелі өзгерістерді жүзеге асыруға бағытталған. Арнайы құрылған жұмыс тобы мен жетекші сарапшылар жан-жақты талдау жүргізіп, халық талқысына ұсынылатын нақты әрі маңызды бастамаларды белгіледі. Құжатта ұлтаралық және конфессияаралық келісім, қоғамдағы бірлік мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі тірек ретінде танылды. Егемендік, тәуелсіздік, унитарлық құрылым және аумақтық тұтастық – Конституцияда өзгермейтін, мызғымас қағидаттар ретінде бекітілген.
Жаңа Конституцияда әділеттілік, заңға бағыну және қоршаған ортаға қамқорлық қағидаттары алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл – заманауи мемлекет пен құқықтық қоғам құрудағы жаңа қадам. Жаңа Конституция бойынша мемлекеттік билік халықтан бастау алады. Яғни, Қазақстан халқы – биліктің бірден-бір қайнар көзі. Осылайша, жаңа Преамбула елдің тарихи дәстүрлері мен заманауи құндылықтарын үйлестіре отырып, Қазақстанның құқықтық, әлеуметтік және экологиялық даму бағыттарын айқындайды. Референдум аясында қабылданатын өзгерістер саяси жүйенің архитектурасын жаңартып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау жұмыстарына тікелей қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
Ең бастысы, жалпыұлттық референдум – әділетті, ашық әрі жауапты мемлекет құру жолындағы халықтың саналы таңдауын айқындайтын маңызды шешім. Олай болса, әр азамат 15 наурызда өтетін республикалық референдумнан қалыс қалмауы керек. Әркім өзінің ойын білдіріп, болашақ үшін таңдауын жасаса деген ниетім бар. Егемен еліміздің азаматы ретінде даусымызды берейік.
Ернар АЗИМБАЕВ,
жеке сот орындаушы





