Көлік министрлігі «Астана – Талдықорған» бағыты бойынша жаңа теміржол қатынасының іске қосылатыны туралы мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңа бағыт Парламент Мәжілісінің депутаттарының бастамасымен, Көлік министрлігі және Ұлттық тасымалдаушы – «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бірлескен жұмысы аясында, сондай-ақ азаматтардың көптеген өтініштері ескеріле отырып жүзеге асырылды.
Аталған бағытты іске қосу Жетісу облысының көлік қолжетімділігін арттыруға, жолаушылар сұранысын қанағаттандыруға, сондай-ақ елорда мен өңірлер арасында жайлы, қауіпсіз және тұрақты теміржол қатынасын қалыптастыруға бағытталған.
Пойыз қозғалысының ерекшеліктері
Бастапқы кезеңде ұлттық тасымалдаушы тарапынан екі жолаушылар вагоны бөлініп, олар №122/121 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында күн ара қатынайтын болады.
Ақтоғай станциясында аталған вагондарды №631/632 «Ақтоғай – Талдықорған» пойызына қайта тіркеу көзделген, бұл бүкіл маршрут бойымен үздіксіз әрі ыңғайлы қатынасты қамтамасыз етеді.
Көлік министрлігі бұл формат бастапқы кезең екенін атап өтті. Тұрақты жолаушылар сұранысы қалыптасқан жағдайда вагондар саны мен қатынау жиілігі кезең-кезеңімен ұлғайтылады, бұл маршрутты халықтың қажеттіліктеріне икемді түрде бейімдеуге мүмкіндік береді.
Жаңа бағыттың әлеуметтік-экономикалық маңызы
Жаңа теміржол қатынасының ашылуы:
-
өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға;
-
тұрғындардың мобильділігін арттыруға;
-
ішкі туризм мен іскерлік белсенділікті дамытуға;
-
Жетісу облысының туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Пойыздың қатынауы ағымдағы жылдың сәуір айына жоспарланған және Талдықорған қаласындағы жаңғыртылған теміржол вокзалының салтанатты ашылуына орайластырылған. Жаңартылған вокзал инфрақұрылымы жолаушылар үшін қызмет көрсету, жайлылық және қауіпсіздік деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді.
Көлік министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмалары мен көлік саласының стратегиялық басымдықтарына сәйкес жолаушылар тасымалының маршруттық желісін дамыту, жылжымалы құрамды жаңғырту және көлік қызметтерінің сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.





