Халқымызда: «Қарты бар ел – қазыналы» – деген қанатты сөз бар. Еліміз ежелден ата салтын ұлықтаған, дін мен дәстүрін ұмытпаған ақ жаулықты әжелеріміз бен көнекөз қарияларымыздың ақылын тыңдап өскен, оларды ерекше бағалаған. Кеудесі сыр сандық қарияларымыздың бірі – шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан зейнеткер ұстаз Ұлдаш Бипажанова.
Зейнеткер ұстаз 1948 жылы тамыздың отызыншы жұлдызында Алакөл ауданына қарасты Қазақстан ауылында дүниеге келген. Ата-анасы қызмет бабымен Арқарлы ауылына қоныс аударып, балалық шағы құмға көмкерілген елді мекенде өтті. Аталған ауылдағы орта мектептің табалдырығын аттап, Еңбекшідегі білім ошағында оқуын жалғастырды. Мектепті тамамдаған соң Абай атындағы қазақ педогогикалық институтынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алады. Жас маман өзі қанаттанған Арқарлы ауылындағы Карл Маркс атындағы орта мектебіне қызметке орналасып, еңбек жолын бастайды. Зейнеттік жасқа дейін ұлт болашағын ұлылық биігіне жетелеген ұстаздық қызметінен табан аудармай, өңіріміздегі ең білікті, озық әрі үздік мұғалімдердің көшбасында жүрді. Ұстаздың еңбегі еленіп, «Еңбек ардагері», «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы», «Қазақстанның еңбек сіңірген білім озаты» медальдарымен марапатталды.
Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан ұстаз Әбеу ағамызбен шаңырақ көтеріп, құт ұйыған құрсағына бес перзент дарыған. Барлығы да ұлықты ұл, қылықты қыз болып ержетіп, қазіргі таңда мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған әулеттің отанасы болып отыр. Сол балаларынан 12 немере, 9 шөбере өрбіп, жарасымды отбасының ақылшысы болуда. Қариялар – ұлттың ұлт болып қалыптасуына, жас ұрпақтың дұрыс тәлім алуына, асыл құндылықтарымызды сақтауға, қаймағы бұзылмаған қазақ жұртының ынтымақ пен береке бірлікте болуына себепкер, тәрбиенің негізі екені хақ. Ата мен әженің мектебінен өткен баланың арманы жоқ шығар, шіркін. Кеудесі сыр сандық, сөзі кілт, ақылы алтын әжеміз бүгінде немерелерін алдына алып еркелетіп, шөберелерінің қолынан май жалап отыр. Қазақылықтың қайнар бұлағын сарқылтпаған әжеміздің арманы – отбасы, ошақ қасының берекесі болып, немерелерін өсіріп, жетілдіру.
Әжеміз зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр. Қазыналы қария «Зейнеп» әжелер ансамблінің құрылуына ұйытқы болды. Бүгінде әжелер кеңесін басқарды. Қоғамдық кеңес, Аналар кеңесінің мүшесі. Абай мектебінің 70 жылдығына орай және «Сырлы саз сыры» атты екі кітаптың авторы.
А. ҚАЛИ




